Көп балалы ана көмекке зәру

Шымкентте баспанасыз қалған көп балалы аналар жетерлік. Соның бірі – 4 баланың анасы Ділфуза Досметова. Оның арқа сүйер адал жарым деп жүрген азаматы 8 ай бұрын бала-шағасымен тастап кетіпті. Бұрын жалдамалы пәтерде жолдасының жалақысымен күн көретін олардың ахуалы бұл күнде тым мүшкіл. Артық табысы болмағандықтан, жағдайы жоқ баспанада бас сауғалап тұруға тура келді. Бір қуаныштысы, баспананың иесі ақы сұрамайды.

Ділфуза Досметова: «Күйеуім ішіп алып, ұратын еді. Мамаларына барсақ, 4 баламен қуып шығады. Өзімнің анам жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Ол жерге де сыймаймыз.»

Ал мына баспананың жарығы, суы, тіпті, едені де жоқ. Ойын жасындағы балалары ойнаудың не екенін ұмытқалы қашан. Күні бойы көрпе ішінде. Жаурамаудың әдісі осы ғана. Ділфузаның тұла бойы тұңғышы – 8 жаста. Оны мүмкіндігі шектеулі балалардың мектеп-интернатына өткізіпті. Қалған үшеуі жанында. Жұмыс іздеп, нан табуға шыққысы-ақ келеді. Бірақ балаларын тастайтын адамы жоқ екен.

Тұрғын үй секторындағы мамандар көп балалы ана баспана кезегіне биыл ғана тұрғанын айтады. Сондықтан, келіншектің алдын ораған кезектің қаншалықты көп екенін өзіңіз ойлай беріңіз.

Жұлдыз Ордабекова, қалалық тұрғын үй секторының бас маманы: «Досметова бізде үшінші кезеңге тіркелген. Оған дейін 5197 азамат өз кезегін.»

Көп балалы ананың енді қайырымды жандардың көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмай тұр. Өйткені, пәтер кезегінің жақын арада жуықтамайтынын біледі.