«Ордабасы» клубының президенті: «Дәл қазір жергілікті футболшылар жаттығуда»

345

Қазақстанда футбол маусымы аяқталып, трансферлік кезең ашылғалы қашан. Еліміздің өзге де командалары секілді Шымкенттің «Ордабасы» клубы да 2014 жылдың футбол маусымына дайындалуда. Клуб президенті Берік Омарбеков бастаған ұжым бүгінде бірқатар футболшылармен келісім-шартқа қол қойып та үлгерген. Қазірдің өзінде 15 ойыншы команда құрамын толықтырып отыр.

Берік Омарбеков - "Ордабасы" КФК президенті
Берік Омарбеков – «Ордабасы» КФК президенті

– Берік Серікұлы, футбол жанкүйерлеріне айтар жаңалығыңыз бар болар?

 -Қазіргі таңда жергілікті футболшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы, Виктор Пасулькомен бір мәмілеге келіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың амалын жасап жатырмыз. Біз өз ұсынысымызды жасадық. Ол да өз кезегінде жоспарын айтты. Қажетті деген ойыншыларды шақырып жатырмыз. Сондай-ақ, жас ойыншыларымыз бар. Оларды да ұмытпауымыз керек. Келесі маусымда өскелең ұрпаққа да өзін көрсетуге мүмкіндік берсек деп отырмыз. Өйткені, жастарға тәжірибе керек ғой. Легионерлерге келер болсақ, әлі де уақыт бар. Әрине, кейбір футболшылармен жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда аты-жөндерін айта алмаймыз.

– Дегенмен, осы легионерлер жайлы нақтылай өтсеңіз?

– Команда құрамын аса өзгерткен жоқпыз. Өйткені, былтырғы маусымда футболшыларымыз жақсы ойын көрсете алған еді. Легионерлерді көп шақырмаймыз деп отырмыз. Басты мақсат – жерлестерімізді ойнатып, шеберлігін шыңдау.

– Мұхтар Мұхтаров командада қала ма?

– Мұхтар Мұхтаровқа келер болсақ, біз өз тарапымыздан ұсыныс жасадық. Клуб қолынан келгенше жағдай жасауға тырысты. Алайда, оған құда түсіп жатқан клубтар көп болса керек, әзірге біздің ұсынысымызды қабылдамай отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qSXoga146kA[/youtube]

– Бапкерлер құрамында да өзгеріс бар көрінеді…

– Иә, бапкерлер құрамында өзгеріс болды. Шымкенттің түлегі, бұрынғы ойыншы, қазіргі жаттықтырушы Қуаныш Қарақұловты жұмысқа тарттық. Ол бас жаттықтырушы Виктор Пасульконың жанында аға бапкер қызметін атқаратын болады.

– Алғашқы жиын қай кезде басталады? Оқу-жаттығу жиынын өткізуде өзгеріс бар ма?

– Желтоқсанның 15-не Шымкентте жергілікті ойыншыларды жинаймыз. Алғашқы жиын да осында өтеді. Ал негізгі оқу-жаттығу жиыны Түркияда өтеді. Әдеттегідей, үш рет шетелге шығуды жоспарлап отырмыз. Оның ең алғашқысы қаңтардың бесіне басталады.

– Сұхбатыңызға рахмет. Сәттілік тілейміз!