Шымкентте тегін дәрі тапшы

Дәрі-дәрмекШымкентте тегін медициналық көмек аясында берілетін дәрілік препараттар тапшы. Редакциямызға осындай шағыммен қала жұртшылығы көптеп хабарласып жатыр. Айтуларынша, арнайы жеңілдікпен берілетін кейбір дәрілер дәріханалар мен ауруханаларда жоқ.

Дәріге деген тапшылықты ең алдымен ісік ауруына шалдыққандар сезініп отыр. Тура жаңа жыл қарсаңында дәрісіз қалдық деп арызданған да солар. Осындай шағыммен күніне 4-5 қоңырау дәрі-дәрмекпен қамту орталығына келіп түседі екен.

Дәрілер қоры шаһардағы арнайы дәріханаларда да таусылуға айналған. Оның себебі – тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрмектің барлығы да тізімде тұратын адамдарға беріліп қойыпты. Соған қарамастан арнайы рецептімен берілетін дәріні іздейтіндер жеткілікті екен. Дәріханашылардың айтуынша, екі аптадан бері 6-7 дәрінің түрі таусылып қалыпты. Олардың арасында «Бонифос», «Эпрекс» сынды дәрілер бар.

Ал денсаулық сақтау басқармасының мамандары бейтарап себептерге байланысты кей-кейде дәрінің таусылып немесе кешігетінін мойындайды. Бірақ – ол уақытша құбылыс дейді. Десе де, ештен кеш жақсы. Басқарма басшылығы фармацевтикалық компаниялармен шұғыл байланысқа шығып, олқылықты түзейтін көрінеді. Сөйтіп, түптің түбінде азаматтар дәрмекпен қамтамасыз етіледі екен.

Мамандардың сөзінше, жаңа жылдан бастап Оңтүстікте дәріге деген тапшылық мүлдем жойылады. Сөйтіп, 1-қаңтардан бастап барлық препараттар дәріхана сөрелерінде жататын көрінеді. Ол үшін қазынадан 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп те қойылыпты. Бұл ақшаға дәрінің 525 түрі сатып алынбақ.