Аудандардағы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының орындалуы

595

 Арыс ауданы бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалу барысы мәз емес. Биыл жұмыспен қамтылған азаматтардың саны да төмен, шағын несие алған 22 ғана адам бар. Оның тек 17-і ғана жаңа жұмыс орындарын ашқан.

Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстың есебін алды
Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстың есебін алды

Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың алдында есеп берген аудан әкімі есесіне өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны көп дейді. Олардың басым бөлігі Қожатоғай, Дермене, Жиделі ауылдарының тұрғындары көрінеді. Жылдық жоспарды орындамаса да, өз өтінішін арқалай келген аудан әкімі Қожатоғай ауыл округіне қарасты Бұлақ елдімекенінде 14 отбасының өздерін келешегі жоқ ауылға қосуды өтініп отырғанын жеткізді.

Әли Бектаев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Егер келешегі жоқ ауыл тізіміне ілінбесе, заңға қайшы тірлікке бара алмаймыз. «Жұмыспен қамту – 2020″ бағдарламасы бір жыл емес, бірнеше жыл жұмыс істейді. Осы аралықта ұсыныс жасаңыздар.»

Отырар ауданынан кейін, Арыс және Созақ ауданының басшылары мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысымен таныстырды. Отырар ауданы белгіленген жоспарды орындап, мыңнан аса азамат бағдарламаға қатысты деп есеп берді. Оның ішінде 455 азамат өз бетімен жұмыс тапқан. Ал жұмыссыздар саны – 535 адам екен.

 Десе де, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Әлі аудан басшыларын «200 азаматты әлеуметтік жұмыспен қамтыдық деп, ауыл шаруашылығына жегіп қойдыңдар» деп сынап алды.