Аудан шенеуніктері жұмысына салғырт па?

Ербол СадырОрдабасы ауданының шенділері өз жұмысына салғырт. Өйткені, аудандық әкімдіктегі жауапты мамандар 2014 жылы мемлекеттік сараптамадан қанша нысан өтетінін әлі күнге білмейді. Мұндай ақпар бюджетті жоспарлау бойынша арнайы шеберлік жиынын өткізген облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың басқосуында мәлім болды.

Облыс әкімінің орынбасары ә дегеннен аудандық әкімдіктің қызметкерлерінен «емтихан» алды. Бақсақ, жергілікті құрылыс бөлімінің мамандары биыл қанша нысан мемлекеттік конкурсқа өтетінін білмейді. Тіпті бұл жөнінде коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы да қыңқ ете алған жоқ. Болмаған соң, оны Ербол Садырдың өзі жілік-жілікке шағып айтып берді.

Сөйтсек, Ордабасыда 2014 жылы 6 нысан бой көтеруі тиіс екен. Оның біреуі өткен жылдан өтпелі болып қалғандықтан мемлекеттік сараптамадан бесеуі өтуі қажет. Ал сол бес нысанның жобасын әлі сараптамаға жергілікті мамандар ұсынбаған болып шықты.

Қол астындағыларының бұл қылығына қысылған аудан басшысы шыдаған жоқ. Ордабасыны басқаруға жақында келген жаңа әкім көптің көзінше қызметкерлерін сыбап салды. Аудан әкімі Самат Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласында тәжірибесі мол қызметкеріне ренжіді.

«Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Шердановтікі түсінікті, ол бір күн жұмыста болса, екінші күні жоқ. Ал сізге не жоқ?! Білемін дейсіз. Білсеңіз жауап бермейсіз бе енді, адамды ұятқа қалдырмай» деді аудан әкімі аудандық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Манасхан Мұратбекке. Сөйтіп, не керек, келгеніне жарты жылдан енді асқан аудан әкімі Самат Сапарбаев қол астындағылары үшін облыстан келген қонақтың алдында ұятқа қалды.

Десе де қаржыны игеруде ордабасылықтар көште келеді дейді мамандар. Бүгінгі жиын 2014-2016 жылға жоспарланған бюджетті пысықтау екен. Өйткені, өңірдегі қазына қоржыны жылдан жылға молайып келеді. Бірақ ақша көп демей, әрбір тиынды есеппен жұмсау ләзім. Соның нәтижесінде әлеуметке қажет әлеуетті де дұрыстау керек. Мәселен, 2009 жылы облыстағы бюджет көлемі 223 миллиард теңге болса, былтыр оның мөлшері 403 миллиардқа жеткен. Ал оны игеруде облыс көш басында тұр.

Ал биылғы бюджет көлемі 448 миллиард теңгені құрап отыр. Оған сала мамандары 70 мектеп, 41 медициналық мекеме салсақ деп жоспарлап қойыпты. Межеден кешікпеу үшін құжаттар уақытылы жасалуы тиіс. Кедергілер болмасы үшін мамандар барлық құжаттар тапсыру мерзімін бұрынғыдан ертерек қойыпты. Бұл дегені, жылқы жылында ұқсатусыз қалған ақша болмайды!

Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары: «2013 жылдағы облыстағы қаржының игерілуі – 99,8 пайыз. Оның ішінде 899 миллион теңге игерілмеген. Субъектиивті себеппен игерілмеген қаржы 200 миллион теңгені құрап отыр. Қалғаны 700 миллион теңге – ол үнемдеуден қалған қаржы. 2009 жылы қазына қоржынын ұқсату 99 пайыз болған еді.»