Шымкентте шығыс жекпе-жегінің шеберлері ептілігін сынға салды. Еліміздің ашық біріншілігі қаламызда алғашқы рет өтуде. Содан болар, бұл жолғы турнирде 180-нен астам спортшы қатысты. Жарыстың бас жүлдесін сарапқа салу үшін Өзбекстандық спортшылар да арнайы келіпті. Брюс Лидің ізбасарлары екі күн бойында татами төрінде мықтылық танытуға тырысты.
Алғашқылардың бірі болып татами төріне джиткундоның «ханшайымы» — Жібек Тұрғынбаева шықты. «Асар Қайсар» командасының мүшесі 2013 жылы Азия чемпионатында чемпион атанған болатын. «Жылқы жылын да жеңіспен бастасам» дейді бойжеткен.
Оның бұл жолғы қарсыласы алматылық бойжеткен болды. Оңтүстік астаналық қонақ Жібектен 5 келіге ауырлау, бойы да ұзын. Дегенмен Шымкенттік спортшы жеңіске жетті.
Джиткундодан ашық ел чемпионатына грек-рим күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы арнайы келген. Бисолт Дециевке джиткундоның алтыншы дэн санаты берілді. «Алдағы уақытта спорттың бұл түрімен етене араласып, бірлесе жаттығулар жасауға да дайынбыз» дейді чемпион.
Айта кету керек, спорттың қай түріне болмасын, джиткундо мен грек-рим күресінің палуандары да қатыса алады. Өйткені спорттың бұл түрі күрестің бірнеше түрін өзіне қамтыған.
Бұл жолғы жарыста шымкенттіктердің қоржыны медальға толды. «Асар-Қайсар» командасы 22 жүлдеге қол жеткізді. Сайрамдықтар да епті екенін байқатты. Ендігі мақсат — халықаралық аренада топты жару болып отыр.