Масқара! Үш сәби тастанды атанды

565
Керемет

Жаңа жыл жарылқап үлгермей жатып, 3 бірдей бүлдіршін тастанды атанды. Оларды ата-анасы Қайтпас-1 шағынауданындағы бір үйге тастап кетіп, содан әлі оралмаған. Айдың-күннің аманында тастандылардың қатарын толықтырған бөбектерді әлі күнге ата-анасы немесе іздеушілердің төбесі көрінер емес.

Тәрбиешілері Кереметті 3 жасар деп бағалап отыр
3 жасар Керемет

Керемет: «Менің атым – Керемет. Жасым – 3-те. Анамның аты – Ақмарал. Әкемнің аты – Ержігіт. Үйге қайтқым келмейді.»

Бұл 3 жасар бүлдіршінның ата-анасына деген реніші болса керек. Біз қойған сұрақтарға осылай деп жауап берді. Сөздік қоры аз болғандықтан, Кереметтің өзі жайында бар айтқаны әзірге осы ғана. Алғашында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы адамдарды жатырқаған бөбек қазір айналасындағылармен достасып алған.

Керемет

Сәуле Оңғарбаева, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының әлеуметтік қызметкері: «Біздің мекемеге Кереметті іздеп, ешқандай азамат хабарласқан жоқ. Сұрастырған да жоқ. Қыз сол уақыттан бері бізде тәрбиеленіп жатыр. Өзінің денсаулығы, тамаққа деген тәбеті жақсы. Тәрбиешілерінің айтуы бойынша, баланың адамдармен қарым-қатынасы жақсы, түнгі ұйқысы да тыныш.»

8 айлық шамасындағы Кәусар
Әлі жасқа да толмаған Кәусар

Ал Кереметтің екі бірдей бауыры – Мирас пен Кәусар қазіргі уақытта №1 қалалық балалар ауруханасына жатыр. Бүлдіршіндер биыл ауруханаға келіп түскен белгісіз сәбилердің алғашқылары болып тіркеліпті.

Ғазиза Қожабекова, №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының дәрігер-педиатры: «Үлкені Мирас деген баланың жасы шамамен 2 жасар, екіншісі – қыз бала Кәусар шамамен 8 айлық деп отырмыз.  Жалпы жағдайлары жақсы, тәбеттері тәуір, жан-жағына қызығушылығы бар, ешқандай психикалық ауытқуы жоқ. Патологиясы да байқалған жоқ.»

Бұл үш бірдей бүлдіршін Қайтпас – 1 шағынауданындағы Ақсауыт көшесіндегі бір үйдің алдынан табылған. 1-қаңтар күні кешкі сағат 21:00-дер шамасында үйдің иесі бір көліктің дауысын естіпті. Келген қонақ үйге кірер деген оймен тысқа шықпаған. Арада жарты сағаттай уақыт балаларды есіктің алдынан тауып алыпты. 

Мирас
Мирас

Парида Сариева, қала тұрғыны: «Біраздан кейін шығып, есіктің алдына қарасам, 2 бала тұр, қасында сөмкесі бар. Балалардың біреуі жалаңаяқ екен, жан-жағыма қарадым, ешкім көрінбеді. Бөбектердің түрі де таныс емес, тез арада үйге алып кірдім. Сөмкеде киім бар шығар деп ашып қалдым, сөмкенің ішінде шақалақ жатыр. Ол да жұп-жұқа киінген. Оны үйдегі бар нәрсемен орап, тамақ, сүтін беріп, азанға дейін қарап шықтым. Таңертең полицияға хабарласып, тапсырдым.»

Ал бала көңіл ата-анасын іздеп, есікке жиі жәутеңдейді. Тәрбиешілерінің айтуынша, кішкентай Кәусар анасының есімін аузынан тастамайды. Айта кетейік, егер 3 айдың ішінде балалардың ата-анасы табылмаса, 3 бірдей бөбектің құжаттары рәсімделіп, балалар үйіне беріледі.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=sbjgO-sGnGA[/youtube]