Шымкенттің көшелері көлге айналды

Таяуда Шымкентте жауған қар аралас жаңбыр қалаы тұрғындарын әбден әбігерге салды. Алдымен жаңбыр, артынша қарға ұласқан жауынның кесірінен шаһар жұрты малмандай су болды. Өйткені, қоқысқа толып қалған қаладағы арықтар арнасынан асып, көше көлге айналды.

IMG_2698

IMG_2689

Әсіресе, Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов пен Жібек жолы көшелірінің қиылысы, «Еуразия» базарының маңы адам аяқ алып жүргісіз жағдайға жетті. Арықтар қоқысқа толып қалғандықтан, жаңбыр суы, тіпті, арықпен де ақпай қалды. Коммуналды шаруашылық қызметкерлері болса ирригациялық жүйелерді тазалаумен әуре. Бірақ одан тасыған судың деңгейі төмендеп, көшенің көлшіктен айығып жатқаны шамалы. Мұны коммуналдық қызметкерлер жол деңгейінің арық арнасымен дұрыс сәйкестендірілмегенінен көреді.

IMG_2667

IMG_2669

Түркістан мен Қазыбек би көшелерінің төңірегі де шалшық судан көз ашқан жоқ. Мұнда сол жағдай – арықтың кемерінен асқан су бүкіл көшені алып кеткен. Соның салдарынан көліктер көшеде емес, көлде жүзгендей әсер қалдырды.

IMG_2674

IMG_2682

Синоптиктер алда әлі жауын-шашынның көп екенін ескертеді. Бұл дегені, шаһардағы топан су алдағы уақытта мұнан да көп болуы әбден мүмкін. Ал қаладағы арық-атыздардың тазалығына «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-інің жұмысшылары жауап береді. Біз сұрау салған шаһар тұрғындарының біразы жасалған жұмысқа көңілі толмағандарын айтады.

IMG_2687

IMG_2701

Сара Көпжасарова, қала тұрғыны: «Көшеден өту мүмкін болмай қалды. Жолдан енді өте берсең, көлік су шашып, үсті-басыңды малмандай етеді. Жаңбырдың соңы, міне, қарға айналды. Ертең мұның бәрі көктайғақ болып қатады. Ал арықтағы қоқыс, әне, жатыр. Қысқасы, біздегі тазалыққа риза емеспін.»

Қаланың тазалығына жауапты «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің жұмысына шенділер де разы емес. Сондықтан 2014 жылдан бастап  шаһардағы арық-атыздарды күтіп ұстауға тағы екі мекемені жұмылдырып отыр. Бұған қала аумағының үлкеюі де себеп.

IMG_2684

IMG_2685

Ерубай Құралбаев, Шымкент қалалық ТҮКШ сектор меңгерушісі: «Қалада ұзындығы мың шақырымнан асатын жол жиегіндегі арықтары бар. Одан бөлек  Қошқар ата, Қарасу, Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау және Жағабай сынды үлкен арналар бар. Осы су жолдарын күтіп ұстауға биыл 50 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Бүгінгі таңда қалған мердігерлерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттар дайындалып жатыр. Тиісті келісім-шарттар түзілгесін, қажетті мекемелер анықталуы керек. Ал оған дейін былтырғы мердігер «ЛТД Тұрмыс» қызмет көрсететін болады.»

IMG_2706

IMG_2707

Қаланың 17 тұсында арық арнасы мен көшенің биіктігі сәйкес келмейді екен. Оның мәселесін мамандар шұғыл топтардың су сорғыларын іске қосу арқылы шешіп жатқанын алға тартады. Десе де, қала тазалығына қатысты мамандар жұртшылықты бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр. Арыққа қоқыс тастап, өткел, көпірлер жасамаса екен дейді.