Шымкентте «Қиямет қайым Киото» қойылымы сахналанды. Қоғамдағы мәселелермен бірге театрлық қиялдау үйлесімділік тапқан туындыны Қырғызстанның ерлі-зайыпты дрматаургтері Мырза және Ғалия Ғапаровтар жазған. Ал айтулы пьесаны сахналау үшін қоюшы-режиссер Тілеген Ахмет 10 жыл бойы еңбектеніпті.
Киотоға сағыныш. Тарихи бояуы мен сол бір ғасырдың сұлулығын сақтап қалған қаланың кейпін көру сахнадағы әртістердің ғана емес, залдағы көрерменнің де арманы. Қойылымда қиялдың жетегімен Жапонияға жол тартатын жанұяның әлегі көрініс тапқан. 2 бөлімнен құралған пьеса театрдың небәрі 4 әртісінің сомдауымен ерекшеленеді. Ал басты кейіпкер — Зылиханың рөлін өнер иесі Жәмила Бекмұрзаева сомдап шықты.
Жәмила Бекмұрзаева, театр әртісі: «Алғашында режиссер пьесаны әкеліп оқығанда, түк түсінбедім. Бір бөліміне екіншісі мүлдем ұқсамайды ғой деген сияқты пікірлер болды. Кейінірек ойнай келе, рөлді түсіне келе қатты қателескенімді ұқтым. Шын мәнінде бұл қойылым психологиялық, адамның жан дүниесін сөйлететін еңбек екен. Екінші бөлімдегі жағдай маған өте жақын, ұқсайды. Күйеуімнің өнерді түсінбеуі, бағаламауы, үйдегі әлеуметтік таршылық, баспанамыздың жоғы… Мұның бәрі менің өміріммен байланысты сияқты.»
Оқиға желісі бойынша батыр жігіт Қожажастың өмірі баяндалады. Жасынан аңшылықты кәсіп еткен бозбала ормандағы бар тіршілік иесін қырып салады. Мергендігімен танымал болған кейіпкер соңында аңның киесіне ұшырайды. Қарғысқа қалған жігіт құз жартастың басында қалып қояды. 20 жыл бойы әйелінен жырақта ғұмыр кешеді.
Ал жұбайы аңның сүйектерінен саты тоқып, күйеуін құтқармақ болады. Осылайша театрлық қиял бүгінгі заманға келіп, Киото қаласынан бір-ақ шығады. Айтпақшы, 3 бөлімнен құралған тұңғиық қойылымға қоюшы режиссер 10 жыл бойы еңбектенген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=NkfOszqMals[/youtube]
Тілеген Ахмет, қоюшы-режиссер: «Жасырмаймын, 10 жыл бойы дайындалдым, осы күнді күттім. Міне, премьерасын да ұсынып жатырмыз. Бұл қойылымда әйел актрисаға өте қиын болды. Себебі, ол алғашқы бөлімде 45 жастағы әйелді сомдайды, соңғы үшінші бөлімде 17 жасар қызды ойнайды. Әрине, қойылымда өзгеріс болды. Бұған жабайылардың биін, драматургтың қиялында жүрген екі қыздың биі, одан кейін Киотода армандап жүрген билерін қостық.»
Отбасындағы әлеуметтік жағдай мен өнердің байланысуын астарлап баяндайтын спектакльдің екі бөлімі бір-бірімен мүлдем үйлеспейді. Бірақ екеуі де шындық пен ғажайыпты сөйлетеді.
Мақсат Бимұрзаев, көрермен: «Осы спектакльді көріп отырып, бұрынғы алғаш жанұя құрған кезімдегі қиыншылықтар көз алдыма келді. Өте әсерлі шыққан қойылым, әрістер де рөлді шебер ойнады. Жастарға айтарым, отбасы деген сеніммен құралады. Кешірімшіл болу ғана шаңырақты сақтап қалады».
Қойылымның үшінші кезеңі Арал теңізінің тартылып кетуімен тәмамдалады. Айта кетейік, адам баласы мен табиғаттың тұңғиық байланысы баяндалған пьеса халықаралық байқауларда қатыстырылады деп жоспарланып отыр.