Қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшеді

403

Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшетін болды. Бұл жөнінде мәдени ошақтың директоры Бастарбек Пірімбетов мәлімдеді. Айта кетейік, 500 орынға лайықталған театрдың құрылысына қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлінген. Театрдың жаңа ғимаратында құрылыс жұмыстары қазіргі уақытта күні-түні, екі кезеңмен жүріп жатыр.

Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры

Екі гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысында бүгінде 250-ге тарта жұмысшы жұмылдырылған. Тетардың екі қалталы сахнасы бар. Ең бастысы, сахнаның биіктігі талапқа сай – 30 метр. Енді мұнда декарациялар емін-еркін қолданылады.

Айтпақшы, оларды талапқа сай жағдайда сақтауға арнайы қор бөлмелері де қарастырылыпты. Және өнер ұжымы үшін 42 орынды асхана да болмақ. Жаңа мәдени нысанның құрылысы жоспар бойынша биыл қараша айында толық тапсырылуы тиіс. Бірақ қазақ драма театрының басшылығы өз кезегінде көрерменнен айрылып қаламыз деп қауіптеніп отыр.

Ғимаратқа 1,5 миллиард теңге қаржы қаралған
 

Бастарбек Пірімбетов, облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры: «Қорқыныш бар, жасырмаймын. Себебі, қанша дегенмен ол ауданда қазір түрлі мекемелер, оқу орындары жаңадан салынып жатыр. Тұрғындар да аз. Бірақ енді жаңа ғимараттың аты бәрібір жаңа ғой. Заманауи технологиялармен салынуда. Театр ұжымы мұны облыс әкімдігі тарапынан біздің 80 жылдық тарихымызға тарту ретінде қабылдап отырмыз. Мерейтой сол қазан айының соңына қарай өтеді деп жоспарлап отырмыз.»