Шымкент қаласындағы Бадам өзенінің жағалауының 3 шақырымы абаттандырылып, Наурыз мерекесі қарсаңында оның бірінші кезеңі ел игілігіне берілді.
Демалыс аймағының ашылу салтанатына қала тұрғындары көптеп жиналды. Заманауи үлгіде көріктендірілген өзен аймағын тамашалады. Жиналғандарды өңір басшысы да көп күттірмеді. Белгіленген уақытта келді. Ақсақалдар қолын қыса амандасып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Бадам өзенінің 9 шақырымдық жиегін абаттандыру жобасының бүгін таңда 3 шақырымы аяқталыпты. Екі кезеңге жоспарланған жобаның алғашқысы аяқталысымен қала тұрғындары көрікті жағалауда серуендеуге мүмкіндік алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов салтанатты түрде демалыс аймағын ашып берсе, зиялы қауым баталарын берді. Жастар алғысын айтып, жағада жанға жайлы шаралардың ұйытқысы болуға уәде берді.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Қандай да бір өзен болмасын, қала үшін үлкен байлық. Сондықтан да оны дұрыс пайдалануға тырысқан дұрыс. Бізде осыны ескере отырып, Бадам өзенін абаттандырдық. Бір жағынан қаланың көркін кіргізсе, екінші жағынан халықтың саны жылдан-жылға өсіп отырған шымқала үшін халықтың демалатын демалыс орнына айналады. Оған ешқандай күмән жоқ».
Қаланың бас жоспарынан ойып тұрып, орын алатын демалыс аймағына бірінші болып, шенеуніктер шырша отырғызды. Облыс, қала әкімдерінен бастап, өзгеде қала-аудандардың басшылары ағаш екті.
Жанар Сауғамбаева, қала тұрғыны: Қала тұрғындары өте қуанышты. Отбасымызбен осы жерге келіп демалуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қала жастарының демалуына, шығармашылықпен айналасуына мол мүмкіндік туды».
Бадам өзенінің жағалауын көріктендіру жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Нысан құрылысы облыс бюджетінің есебінен қаржыландырылды. Оған 1955,8 миллион теңге қаралып, жұмыстар толығымен атқарылды.
Өзен жағалауы шегенделіп, автомобиль көпірі абаттандырылды, көпірдің төрт бұрышына «Тайқазан» сәулеттік-декоративтік элементі қойылды. Мұндағы құрылыс жұмыстарының сапасы арнайы лабораториялық зертеулермен бақыланды.
Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары жалғасып, жағалау тағы да көріктендірілетін болады. Өзен бойында ескекті спорт түрлерін дамыту қолға алынып, спорт кешендері салынады