Облыстағы дарынды оқушылар форумы өтті. Арнайы шара аясында қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жеңімпаз болған шәкірттер бағалы сыйлықтар және арнайы сертификаттармен марапатталды. Күні кеше ғана ел аумағында өткен пәнаралық додада да жеңістің тұғырынан көрінген жерлестерімізге облыстық білім басқармасының басшылығы алғыстарын білдіріп, алдағы оқу жылына табыс тіледі.
Жәния Төлегенова, №45 жалпы орта мектептің оқушысы: «Мен пәнаралық олимпиадада 1-орын алдым. Бұл жеңіске жету үшін өте көп дайындалдым. Сондықтан сұрақтар маған аса қиындық туғызған жоқ, берілген шектеулі уақыт ішінде жауап бердім. Осылайша ұстаздарымның үмітін ақтадым. Алдағы жоспарым- келесі жылы да республикалық пәнаралық олимпиадаға қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алу. Мектебімнің абыройын асқақтатқым келеді. Ал 11-сыныпты бітірген соң, халықаралық хатынастар мамандығын таңдаймын деп жоспарлап отырмын.»
Венера Мыңбаева, облыстық білім басқармасының өкілі: «Оқушыларға үздік білім беріп, ел болашағына жауапкершілікпен қараған ұстаздарға алғысымыз шексіз! Бүгін ынталандыру сыйын табыстадық. Себебі, мұғалімдер мен оқушылар өздерінің еңбектерінің еленіп жатқанын білуі керек қой. Ал келесі жылғы пәнаралық сайыстарға мектеп ұжымы дайындықты қазірден-ақ бастап жіберген. Бұл — олардың білім саласына деген үлкен жауапкершілігін білдіреді.»
Айтулы форум аясында осы дарынды оқушыларға білім берген ұстаздар қауымы да марапттан шет қалмады. Айта кетейік, өңіріміздің 2 бірдей оқушысы жуырда Президенттік олимпиададан жүлделі 1 және 3-орындарды иемденіп қайтыпты. Бұған қоса, «Жарқын болашақ» республикалық байқауында да Оңтүстіктің құрамасы 1-орыннан көрінген. Ал осындапй бәсекелі білім байқауларда жүзден жүйрік атанған оқушылар таяуда облыс әкімінің арнайы қабылдауында болады.