Теңіз деңгейінен 1761 метр биікте. Оңтүстіктің жастары Қазығұрт тауының ең биік белесін бағындырды. Туризм басқармасы құрылғалы өңір жастарымен тұңғыш рет ұйымдастырылған шара Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында өтті. Туған өлкенің тау-тасын таныған жастардың басым бөлігі сауықтыру жорығында «Кеме қалғанға» алғаш рет шықты.
Алдымен нұсқаушылар болашақ альпинистерді жолға дайындады. Осыдан кейін оқу орындары мен мектептерден жиналған жастар тауға қарай тартып кетті. Арасында кәсіби асқарпаздар да бар. Сырттай қараған жанға оңай көрінген сауықтыру жорығында кері шегінгендері де болды. Дегенмен, мақсаты биік жастар шыңға өрмелеуде шаршаған жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=L3c5ONDUg-4[/youtube]
Тау асуға келген жүзден астам студент пен альпинист межелі жерге де жақындап қалды. Шегінуге енді кеш екенін білетін жастар алға қарай адымдап жатыр. Әрі құзар шың да көзге көрініп қалды. Бұдан қуаттанған замандастарымның екінші демі ашылғандай. Бір сәтке болсын тоқтайтын емес. Міне, таңғы сағат 10-нан басталған жорықтың да нәтижесі көрінді. Төрт сағат жаяу жүрген болашақ асқарпаздар «Кеме қалғанға» да жетті. 1761 метр. Құзар шыңның ең биік нүктесі осы.
Мадина Ғаниқызы, студент: «Бірінші рет тауға шыққандықтан ба, біраз қиналдық. Бастапқыда кері қарай қайтып кеткіміз де келді. Бірақ, кенеттен бір күш итермелеп, таудың басына шықсақ деген ниетіміз бізді жетеледі. Сөйтіп, таудың ең биік нүктесіне дейін бардық. Әсеріміз өте керемет. Тағы да келсек, тағы да дәл осылай шыңға шығамыз деп ойлаймын.»
Айта өткен жөн, облыс бойынша 500-ден астам кәсіби альпинист бар. Соған қарамастан альпинизм саласына көңілдің аз бөлінетіні шындық. Бұл сөзімізді Кеңес кезінен келе жатқан кәсіби асқарпаздар да қуаттайды. Десе де облымысызда туризм басқармасының енді құрылғанын ескерген мамандар саланы дамыту үшін жұмыстардың жасалып жатқанын айтады.
Ольга Дашко, Мирас университетінің спорттық-экологиялық туризм клубының төрайымы: «Альпинизмге қызықтыру іс-шаралары әлі де аз. Тек табиғатқа серуендеушілермен ғана шектеліп жатырмыз. Өйткені, қаржы жағы бізде үнемі проблема айналған мәселе. Әйтпесе біздің облыс туризм үшін өте қолайлы аймақ. Келушілер үшін инфрақұрылымды реттесек, ішкі туризм одан әрі дамитын еді.»
Туризм басқармасы мұндай шаралардың жыл бойы жалғасатынын айтады. Таяуда олардың ұйымдастыруымен көшпелі туристік көрменің кезекті шарасы Шымкентте өтпек.