Халық жаңалығы 

Рота командирі – Рүстем Қабылбеков

Жарқынбек Үрістемов
Жарқынбек Үрістемов

«Оңтүстік Рабат», «Рабат» және «Отырар» телеарнасының «Олар оралған жоқ» атты бастамасы оқырмандар мен көрермендер арасында қолдау тауып, редакциямызға хабарласушылардың қатары артып, хаттар жолдап жатыр. 

Сондай жандардың бірі Жарқынбек Үрістемов. Әкесі Рүстем майданға аттанған уақытта әлі жарық дүние есігін ашпаған, құрсақтағы шақалақ еді. 

1942 жылдың 12 мамырында Харьков облысы, Волган ауданы, Избично-Старицкое селосын жаудан қорғау үшін болған ұрыста Рүстем Қабылбеков серіктестерімен бірге басқыншыларға қарсы жан аямай шайқасып, 178 боздақ жер жастанды
1942 жылдың 12 мамырында Харьков облысы, Волган ауданы, Избично-Старицкое селосын жаудан қорғау үшін болған ұрыста Рүстем Қабылбеков серіктестерімен бірге басқыншыларға қарсы жан аямай шайқасып, 178 боздақ жер жастанды

Рүстем Қабылбеков – 1917 жылы қазіргі Төлеби ауданының (бұрынғы Георгиевка ауданы) «Көксәйек» ауылында туған. Соғыс басталған жылы әскерге алынады. Жастайынан еңбекке араласып, Шымкент қаласындағы мұғалімдер институтында білім алып, туған ауылындағы мектепте ұстаздық етеді. 1939 жылы борышын өтеу үшін әскерге шақырылып, Украина жеріне жіберіледі. 1941 жылы фашистік Германияның КСРО-ға қарсы шабуылы басталып, Рүстем Қабылбеков Украинаны жаудан қорғау үшін соғысқа аттанады. Генерал-майор Некишев басқаратын 28-армияның 175-атқыштар дивизиясы 8-атқыштар ротасында саяси жетекші болады. Отбасымен арадағы хабар-ошар 1941 жылы үзіледі. 

1942 жылы Рүстем Қабылбековтың ерлікпен қаза тапқаны жөнінде хабарлаған «қара қағаз» келеді. Әкесінің қалай, қай жерде көз жұмғаны жөнінде мәлімет іздеген Жарқынбек ақсақал 2010 жылы бір дерегін тауыпты. 1942 жылдың 12 мамырында Харьков облысы, Волган ауданы, Избично-Старицкое селосын жаудан қорғау үшін болған ұрыста Рүстем Қабылбеков серіктестерімен бірге басқыншыларға қарсы жан аямай шайқасып, 178 боздақ жер жастанды. Олардың арасында рота командирі Рүстем Қабылбеков те бар. Барлық жауынгер сондағы бауырлас-тар зиратына жерленеді. Украиндықтар зираттың басына ескерткіш орнатып, Рүстем Қабылбековтың есімін тақтаға ойып жазады.

Украиндықтар зираттың басына ескерткіш орнатып, Рүстем Қабылбековтың есімін тақтаға ойып жазады
Украиндықтар зираттың басына ескерткіш орнатып, Рүстем Қабылбековтың есімін тақтаға ойып жазады

Оң-солын танымай жатып, әкесінен айырылып, жетім қалған Жарқынбек Рүстемұлы бүгінде 70 жасты алқымдады. Украинаның Қазақстан Республикасындағы елшілігі Жарқынбек қартты Астанаға шақырып, әкесі Рүстемге тиесілі орденді перзентіне табыстады. 

2012 жылы үлкен ұлы Украинаның Харьков облысы, Волган ауданы, Избично-Старицкое ауылына барып, атасы жерленген зиратта болып, құран бағыштап қайтты.

Жәнібек НҰРЫШ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz