ВИЧ індетіне шалдыққан 8 жасар жеткіншек көз жұмды

564
Вич індетін жұқтырған жеткіншек көз жұмды

Шымкентте ВИЧ індетіне шалдыққан 8 жасар жеткіншек көз жұмды. «Балаларды СПИДтен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы мұны ақ халаттылардың салғырттығынан көріп отыр. Естеріңізге болса, мүгедек баланы небәрі 2 жасында анасы әлеуметтік жағдайына байланысты балалар үйіне өткізген. Ауруханада жатқан бөбек ВИЧ індетін осылайша жұқтырған еді.

Вич індетін жұқтырған жеткіншек көз жұмды

 Науқас бала жылдар бойы облыстық психо-неврологиялық диспансерде ем қабылдап келген. «Балаларды СПИДтен» қорғау қорының төрайымы Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, баланың өліміне ВИЧ індеті емес, дәрігерлер дұрыс күтім жасамауы себеп болған. Өйткені, ауруханада дәрігер маман тапшы көрінеді.

Жаннета Жазықбаева, «Балаларды СПИДтен қорғау» қорының төрайымы: «Ол балаға бір дәрігер бөле алмаймыз, 50 балаға бір медбике мен бір дәрігер бар деп отыр. Арнайы медициналық қарауы болмаған, мен соңғы 6 ай, 8 айдың ішінде жөнді қарамаған деп отырмын. Аштан өлтірген деп айтсақ та болады.  Әлсіреп кеткен, соңы өлімге әкеліп отыр.»

Аты жаман аурудан бөлек тағы да сепсиске ұшыраған баланың жағдайы нашарлаған соң, дәрігерлер каңтардың 21-і күні оны жан сақтау бөліміне жатқызған. 8 жасар жеткіншек онда 38 күн жатып, көз жұмды. Мұндағы дәрігерлер «Бұл дерттің асқынуы күтімге байланысты емес» деп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=H8Uv_rc6LOk[/youtube]

Фарида Дүйсенбиева, облыстық ана мен бала орталығы ВИЧ індеті бөлімінің меңгерушісі: «Бұл бала бізде жылына кемінде 6 рет жатып, ем қабылдап шығатын. Неврологиялық ем қабылдайтын. Бірақ осы жол бұрынғыға қарағанда жағдайы ауырлау болып түсті. Өзінің жағдайы ауыр, психоневрологиялық дерті бар бала бәрібір жыл өткен сайын нашарлайды, салмақ қосуы нашарлайды.»

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы емдеу мекемесінде медицина мамандарының тапшылығын жоққа шығарды.

 

Мәдина Есімова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшысының орынбасары: «Медицина қызметкерлеріне қатысты бұл мәселені ақылдасып шештік. Бізде дәрігерлер мен медбикелер жеткілікті. Емделушінің бар жағдайын жасап, емдеді. 15-20 минут сайын орнын ауыстырып отырды. Қазір, тіпті, дәрігерлер айтып отыр, 1-2 сағат сайын да орнын ауыстыруға болатын еді.»

Айта кетейік, 2006 жылы Оңтүстікте жаппай ВИЧ індетін жұқтырған балалардың 15-і дүние салды. Бүгінде аты жаман ауруға шалдыққан балалардың саны өңірімізде 235-ке жетіп отыр.