Баспанасыз баз кешіп қалмаңыз…

Сенімхат, көшірме құжат арқылы баспана сатып алудан аулақ болыңыз

Баспана үшін бәс тігетін кезге де жеттік. Үйге зәру халық қандай жолмен болса да баспаналы болудың қамымен жүр. Бірі – банкке қор жинау арқылы мәселесін шешіп, мемлекеттік бағдарламаға иек артса, енді бір осы бағдарламаларды пайдаланып, алаяқтық жолмен жұртты бас- панамен «қарық қылуға» көшкен. 

Сенімхат, көшірме құжат арқылы баспана сатып алудан аулақ болыңыз
Сенімхат, көшірме құжат арқылы баспана сатып алудан аулақ болыңыз

Жуырда облысымызда 53 адам «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын алға тартып, алаяқтық жасағандардың құрбанына айналды. Облыстық прокуратураның мәліметіне қарағанда, былтырғы жылы 53 адам пәтер аламыз деп жүріп, 80 миллионға жуық теңгесінен айырылып қалған. Алаяқтар тұрғындардың сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында тегін баспана алып беруге уәде еткен. Биылдың өзінде прокуратураға 10 адам пәтер аламыз деп жүріп алаяқтарға тап болғанын айтып шағымданған. 

Алаяқтардың қулығы құрық байлатпайды. Жуырда редакциямызға 70 жастан асқан Айткүл Қылышбаева деген оқырманымыз хабарласты. Айтуынша, 50 жыл отасқан отағасы әлдебір айлакерлердің үгіттеуімен үйін сатып жіберген. Қазір кейуана пәтер жалдап тұрады. Басына түскен ауыртпашылықтан бас көтере алмай қалған ол қазір денсаулығынан айырылыпты. Мүгедектің күйін кешіп жүр. Қос жанарынан да айырылып, табан жолын көре алмай қиналған оның баспанасын даулауға әл-дәрмені жоқ. Осыған дейін маңдай терімен қол жеткізген үйін қайтару үшін Айткүл апаның бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. «Үйге дауласуға хақыңыз жоқ» деген соттың соңғы шешімінен соң, ол «басқа түссе, баспақшыл» деумен пәтерден-пәтер қаңғып жүр. Аянышты. Мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. Тіпті, пәтерді сатып алушы да. Мамандар алаяқтарға алданған адал сатып алушылардың құқығын қорғау тетігі заңда жоқ дейді. Егер сатып алған үйіңіздің құжаты жалған болып, мүліктің заңды иесі шығып жатса, онда баспанадан да, ақшадан да айырыласыз. 

Баспана сатып аларда… 

– Сенімхат, көшірме құжат арқылы баспана сатып алудан аулақ болыңыз;

– Сатушының ұсынған пәтер құжаттарының мөріне, анықтамалардың бланкісіне, мөріне мұқият болу керек;

– Күдікті жәйтті байқасаңыз, құжаттарды заңгерге не нотариуске тексерткен жөн;

– Баспананың құжатта көрсетілген мекен жаймен сәйкестігіне назар аударыңыз; 

– Тұрғын үй не пәтердің жобасы мен техникалық паспортын мұқият қарап шығыңыз;

Алаяқтың айласы көп 

Бүгінде баспана төңірегіндегі мұндай оқиғалардың түр-түрін мысал ретінде көрсетуге болады. Сондықтан, мамандар пәтер сатып алғанда сақтық шарасын ескеру керектігін айтады. Мұндай құйтырқылықтарға мемлекеттік қызметкерлер де, ұйымдасқан қылмыстық топ та, тіпті, туыстары да баруы мүмкін. Бірі – қызметін пайдаланса, енді бірі – күш көрсетеді. Зорлық-зомбылық жасап, алдап – арбау тәсілі де кейде өз жемісін беріп жатады. Мақсат бір – пайда табу. Көздегеніне қол жеткізгендердің бірі – өзгенің бас-панасын өздері иемденіп алса, кейбіреулер басқа біреуге сатып жіберіп, жеңіл жолмен қомақты табысқа кенеледі. Сонымен, бас-пана саудасындағы алаяқтық әрекеттердің түрлерін былайша топтастыруға болады. 

Сатушы үйді сатпас бұрын қандай құжаттарын құнттағаны дұрыс? 

– Жылжымайтын мүлікке және оның техникалық мінездемесіне байланыс-ты тіркелген құқық туралы анықтама: 

– ПИК-тің, коммуналдық қызметтің түбіртегі (мекемелердің, ұйымдардың сұрауымен, өтінішімен меншік иесінің талабы бойынша беріледі) ағымдағы төлем бойынша немесе меншік иесінің осы төлемдерге байланысты қарыздары жоқтығы туралы олардан анықтама;

– Меншік иесінің сатуға қойылған мүлікке міндетті салық төлемдері бойынша қарыздарының жоқтығы туралы Салық басқармасынан анықтама; 

– Азаматтарды тіркеу кітапшасы;

– Пәтердің жобасы.

– Құзырлы орган арқылы пәтерге жалған құжат жасау ;

– Ұрып-соғып, қорқытып, сенімхат жаздырып алу арқылы пәтерді иеленіп, сату-сатып алу келісімшартын жасау;

– Жалғызбасты анасын (әкесін) немесе жақын туысын қарттар үйіне не жүйке аурулары ауруханасына табыстап, пәтерді иемдену;

– Асыраушысынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге тиесілі пәтерлерді жалған құжатпен сату; 

– Пәтерді екі-үш ай мерзімге жалға алып, сол аралықта жалған құжат жасап, өзгеге сату;

– Түпнұсқа құжатпен және нотариуспен расталған көшірме құжатпен бір пәтерді екі адамға сату;

– Жалған сенімхат арқылы өзгенің баспанасын сату;

– Қаланың қымбат ауданында орналасқан пәтерді көрсетіп, құжат бойынша қала шетіндегі басқа пәтерді сату.

Болат ЖҰМАТАЕВ, ОҚО прокуратурасының басқарама басшысының орынбасары: 

– Алаяқтар азаматтардан мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып береміз деп 10 мыңнан 20 мың долларға дейін ақша алған. Жақында осындай алаяқтарға 2 млн 600 мын теңге берген бір азамат полиция бөліміне шағым түсірді. Көп ұзамай күдіктілер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Қазір алданған азаматтардың ақшасын өндіру мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Соңғы тәсіл көп жағдайда қаланы алақандағыдай білмейтіндер мен өзге қалалардан келіп, үй сатып алушыларға қолайлы көрінеді.

Тағы бір ескеретін жәйт, мемлекеттік архитектуралық қала құрылысы кеңесінің рұқсатынсыз және пайдалы тұрғын үй алаңын өзгерту туралы қорытындысыз құрылыс жүрген болса, ондай үй сатып алуға асықпаңыз. Заңдастыру жұмыстары әбігерге түсіреді.

Түйін:

Міне, сатып алушы үйдің бағасын келісіп болған соң, осы құжаттарды талап етуі тиіс. Ал пәтер сатып аларда мәміленің заңдылығын тексеру тіпті өте күрделі шаруа. Беті аулақ, мәміле заңсыз шықса, қалтаңызды сипап қалуыңыз бек мүмкін. Мәміленің заңдылығын анықтап, алаяқтарға алданып қалмас үшін баспана сатып алғанда риэлторлар қауымдастығына жүгінген абзал. Қызмет ақысы қымбат болса да, арнайы мекемелерден көмек сұрап, мықты заңгер жалдаңыз. Себебі, алаяқтардың «жүрісі» тіпті ширап келеді. 

Мақпал РЫСБАЕВА