Теңіз қарақшыларының бейнесімен әсемделген ғимарат

Ғимаратқа кірген кезде ең алдымен бояулардың өткір иісі қолқаны қауып, бас айналдырады. Әйткенмен, қабырғадағы суреттер көзді арбап, “ә” дегенде өзіне елітіп алады.

_MG_6506

Бұл – Шымкент қаласында бой көтерген ғимараттың екінші қабаты. Қожайынына осы нысанның интерьерін фотоға түсіріп, сайтта жариялағым келетінін айтқанда, ол ғимараттың мекенжайын көрсетпеуді, атауы қандай болатынын айтпауымды талап етті. Бұл талаптарын жоба толық дайын болмай тұрып, жұрт назарын аудармауын қалайтынымен түсіндірді.

_MG_6625

Дизайн авторлары – Бегайдар бастаған жеті-сегіз жігіттен құралған топ. Бегайдардың өзі мен барған уақытта қалада болмады. Жұмыс басында суретшілер Мейірман Маратұлы(сол жақта) мен Олжас Қуандықов(оң жақта) бар екен. Мейірман сурет салуды алты жасында бастаса, Олжас бастауышта оқып жүргенде қолына қылқалам ұстапты. Екеуі де Шымкенттегі Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде графикалық дизайн мамандығы бойынша орта арнаулы білім алған. Одан кейін Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған. Бүгінде ішкі көрініс дизайнын кәсіптеріне айналдырған.

_MG_6572

Олжастардың қолға алған бұл жобасы алдыңғыларынан мүлдем өзгеше. Тапсырыс беруші интерьердің теңіз қарақшылары стилінде жасалуын қалапты. “Кариб теңізінің қарақшылары” франшизасының табынушысы болса керек, кинодағы кейіпкерлерді өз ғимаратының қабырғасынан көргісі келген. Тапсырыс берушілердің қасаң ойға құрылған тапсырыстарының шеңберінен шыға алмай жүрген шығармашылық топ бұл ұсынысқа қуана-қуана келісіпті.

_MG_6618
Айға жетер-жетпес уақыт ішінде теңіз қарақшыларының әлемінен шабыттанған дизайнның эскизі дайын болады. Тапсырыс иесінің тарапынан келіспеушіліктер болғанымен, жігіттердің табандылығының нәтижесінде эскиз өзгеріссіз қалады. Бөлшектеріне дейін сақталғандықтан, жобаның шығыны ұлғаятыны байқалады. Жігіттердің ынтасына сеніммен қараған ғимарат қожайыны шығынның артуына кейістік танытпай, келісімін беріпті.

_MG_6564

– Бұл Шымкентте бір стильді сақтап, жолай өзгертілмей жасалып жатқан интерьерлердің бірі әрі бірегейі. Бізде әр түрлі стильдегі ғимараттар жоқ емес, бар. Бірақ, жобалардың барлығы дерлік жұмыстың бел ортасына жеткенде қаржы тапшылығына немесе басқа себептерге байланысты өзгеріске ұшырап жатады. Ал жоспардың бір ғана бөлшегін өзгерткеннен кейін бастапқы мақсатынан айнып кетеді, – дейді Олжас.

_MG_6478

_MG_6480

Мына шеңбердегі суретті салуға 2 күн уақыт жұмсалған.

_MG_6486

_MG_6489

– Ал мына үлкен қабырғадағы суретті салуға бір апта уақыт кетті. Мұндай үлкен суреттерді салу көзді шаршатады. Тепе-теңдікті сақтау, бояуды дұрыс таңдау – аса маңызды. Өйткені, интерьерде қабырғадағы сурет адамның көзін бірден өзіне аударып, ұстап қалу керек. Сондай-ақ, адамды алаңдатпай, тыныш көңіл-күйге бөлеуі керек,- дейді Мейірман.

_MG_6487

Қабырғаларды сырлағанда да бетін бір тегіс етпей, бүдірлеген.

_MG_6511

Терезелер арнайы тапсырыспен жасалып, жақтауы еденге жақын орнатылған. Өңделген бөренелерге табиғилық, дөрекілік сипат беру үшін бояу түсін таңдауда да тапсырыс иесімен ұзақ талас болған екен. Нәтижесінде суреттегі түс таңдалынып, жылтырататын түссіз бояу (лак) жақпайтын болып келісіпті.

_MG_6513

Үйлесімділікті сақтау үшін тіреуіштер бір-біріне бекітілуде шегені пайдаланбай, бір-біріне кіріктірілген. Алдағы уақытта бұл бөренелерге жуан арқан байланады.

_MG_6514

Сяо Фэньнің атасы жасаған карта баспалдақпен екінші қабатқа көтерілетін бөлменің төбесіне бейнелеген. Ұсақ-түйегі көп сурет болғандықтан, ыждахат пен шыдамдылықты, уақытты қажет етеді.

 

_MG_6590

_MG_6595

Ғимараттың барлық жұмыстары, жоспарға сәйкес, алдағы 1-1,5 ай көлемінде аяқталады. Бұйыртса, сол уақытта тағы да суретке түсіруге барамын деп жоспарлап отырмын.