Құбыр жарылып, бірнеше үй су астында қалды

551

Шымкенттегі Мардан Сапарбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйлер су астында қалды. Көшеден өткен жылу орталығының құбыры жарылып, төтенше жағдай орын алған. Қатты қысымға шыдас бермесе керек. Құбырдан атылған су, әсіресе, № 74, 76, 78 үйлердің ауласына дейін кіріп, жертөлесін толтырған.

Мұндай оқыс оқиғаны күтпеген жұрт абдырап қалыпты. Осы көшедегі №74 үйдің тұрғыны Артықбай Керімқұлов басында жаңбыр екен деп ойлапты. «Сөйтсем, құбыр жарылып кетіпті. Жыл сайын жөндеу жұмыстары өткен кезде құбыр жарылады да тұрады» деп жыларманға келеді. Үйінің ауласын, қора жайын  су басып қалды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bG3wfuDTge8[/youtube]

Жылыту маусымына дайындығын пысықтап, қысым жұмыстары жүргізілген құбыр суы үш бірдей отбасын әбігерге салды. Үйлеріне дейін кірген су баспананың іргетастарын сөгіп, жертөлелерін толтырған.

Бұл көшеде жылу құбыры осымен төртінші рет жарылып отыр. Санап берген тұрғындар жауапты мекеменің жұмысын түсініп-ақ келгендерін алға тартты. Алғаш рет 2012 жылы құбырдан аққан су апатты жағдай туғызған. Араға екі жыл салып, биыл қақаған қыста екі рет ыстық су атқылап, қолайсыздық тудырыпты. Келген шығынды өтеп береміз деп жүргенде бүгін төртінші рет жарылған құбыр суы тұрғындардың наразылығын тудырды.

Әділ Анарметов, №76 үйдің тұрғыны: «Бірінші рет емес, осымен төртінші рет үйімізді су алды. Шыдап келдік. Бүгін фонтан сияқты атқылап, үй қабырғаларына дейін зақым келді. Құлауға шақ қалды. Енді сотқа береміз.»

Ал жылу магистралына жауапты мамандар құбырларды жоспарлы тексеруден өткізіп, жылыту маусымына дайындап жатқандарын алға тартып ақталды.

Ерболат Искаков, «№3 жылуэнерго орталығы» АҚ, жылу жүйесі цехының басшысы: «Бұл жылу магистралында қысымдау жұмыстары жүріп жатыр. Оны жүргізуге міндеттіміз. 2014-2015 жылыту маусымына дайындық жүргізілуде. Келген шығынды өтеп беруге көмектесеміз.»

Алайда көше тұрғындары бұл уәдеге сенбейді. Аузы күйген үрлеп ішедінің кейпін кигендерін айтып, сотқа беретіндерін жеткізді.