Құрсайлық оқушылар биыл жаңа мектепке барады

463

Құрсай аулындағы №49 мектептің оқушылары биыл жаңа мектептің табалдырығын аттайды. Бұл туралы қалалық құрылыс бөлімінің мамандары сүйінші сұрады. Жоба бойынша қараша айында аяқталуы тиіс білім ордасын қыркүйекте тапсыру жоспарланып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын басталған 900 орындық орта мектептің құрылысы қазір қызып жатыр. Бар мақсат – жаңа оқу жылында оқушыларға қуаныш сыйлау. Бұл нысанға республикалық бюджеттен 978 миллион теңге бөлінген. Екі жылда 515 миллионды игерген құрылысшылар жұмысты мерзімнен бұрын аяқтау үшін екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JKFnavvMosE[/youtube]

Мақсат Қаңлыбаев, «Строй Импульс» ЖШС-ның директоры: «Құрылыстағы адам санын көбейттік. Құдай қаласа, қыркүйекке дейін бітіреміз. Ішкі жұмыстарын 70 пайызға орындап қойдық. Енді сыртқы жұмыстары қалды.»

Айта өтейік, Құрсайдағы №49 мектеп апатты әрі ескі болатын. Оқушылар үш ауысымда оқып келген. Тозығы жеткен мектепте спорт алаңшасы мүлдем жоқ еді. Жыл сайын жамап-жасқап келген ұстаздар қауымы жаңа мектеп сұрап, талай есікті қақты да. Ал ата-аналар балаларын ескі ғимаратқа қорқа-қорқа жіберетін.

Биыл құрсайлық оқушылар жаңа мектептің табалдырығын аттайды деп қалалық құрылыс бөлімі уәде беріп отыр. Олар мердігер компаниямен келісіп, қалған қаржыны ертерек бөліп беруге де дайын.

Еркін Жалданов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары: «Бірінші қыркүйекке дейін жұмысты аяқтаймыз деп отырмыз. Бұл елдімекендегі жағдайды ескерсек, жаңа мектеп ауадай қажет. Сондықтан бітіруге міндеттіміз, мердігермен келісіп отырмыз. Бұл – қала әкімінің тікейлей қадағалауындағы нысан.»