Жалдамалы жұмысшылар кәсіпкерді өлтірді

483

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірген күдіктілердің бірін ұстады. 2014 жылдың 9-маусымы кешкі сағат 20:25-те Төле би аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар хабарласады. Олар қораның жанында зорлықпен өлтірілген ер кісінің денесі жатқанын айтқан.

Оқиға орнына келген шұғыл тергеу тобы марқұмның жеке басын анықтады. Ол 70 жастағы Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты. Сот-криминалистикалық сараптамасына сәйкес, қарт кісі басынан алған ауыр жарақаттан көз жұмған. Марқұмның 63 жастағы жұбайының айтуынша, сол күні кешке қариямен бірге екі жалдамалы қойшысы болыпты. Ал 32 жастағы ұлы денені тапқан сәтте жұмысшылар болмаған.

Арада бір тәулік өткен соң полиция қызметкерлері күдіктінің бірін құрықтады. Ол – Отырар ауданының тумасы, қазіргі уақытта тұрғылықты жері жоқ азамат. Тергеу барысында анықталғаны – күдікті сол күні марқұммен бірге спирттік ішімдік ішіп отырып, ақша сұрайды. Жұмыс берушінің қалтасындағы ақшаны көрген соң балтаны алып, марқұмның шүйдесінен бірнеше рет ұрады. Соның салдарынан қарт кісі тіл тартпай кеткен. Содан кейін сезікті көлікке мініп, ақшаны алып кетеді. Кәсіпкердің отбасына келген шығынның көлемі 2 миллион теңгеге жуық.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=V9845bfzqno[/youtube]

Қазіргі таңда қылмыс құралы мен айғақты зат ретінде балта мен автокөлік тәркіленген. Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысты тағы бір күдікті – 1961 жылы туған азаматты іздеп жатыр. Ал қолға түскен сезікті қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасуда.