Ұрпағы ұлы Абайды еске алуда

790
Ұлы Абайдың шығармашылығанан кітап көрмесі ұсынылды

Оңтүстік жұртшылығы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 169 жылдығын атап өтуді жалғастырып жатыр. Мәдени мекемелер ұлы тұлғаның шығармаларын ұлықтау мақсатында әдеби кештер өткізуді бастады. Жас буын ақындар мен оқырмандар да қарап отырған жоқ, Абайдың жырларын жатқа оқып, ақынның туындыларын дәріптеп жүр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xXwAAriVYHw[/youtube]

Абай Құнанбайұлы өскелең ұрпақ үшін өлеңінен бөлек 40-тан астам қара сөзін де қалдырды. Бүгінде оны оқып, сырласатын оқырман да жоқ емес. Халықаралық, республикалық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы Ақбота Бейбітбек Абайдың еңбегіне құмартуының сырымен бөлісті.

Ақбота Бейбітбек
Ақбота Бейбітбек

Ақбота Бейбітбек, жас ақын: «Бүгінде Абайдың қара сөздерін оқып, тәлім-тәрбие аламын. Осы орайда айтпасқа болмас, мен өзім өлең жазар кезде әрдайым Абай бабамыздың бір шумақ өлеңін оқып аламын. Себебі оның жырлары маған үлкен шабыт, қуат береді. Маған ғана емес, өзге жас ақындар да осы шумақтардан шабыт алады деп ойлаймын.»

Ақынды еске алу кешінде оның құнды аудармаларының бірі – «Татьянаның хаты» әуелете орындалды. Тыңдарманға жұмбақ сырды ұқтырды да. Сезімге толы шумақтарды Әлімжан Әділжан шебер орындады. Халықаралық Дельфийлік байқауда осы әнмен жеңімпаз болған жігіт жылдар бойы Абайдың жырын айтуға жүрексінген екен.

Әлімжан Әділжан, жас термеші: «Қаншама жылдан бері мен Абайдың өлеңдерін айтқым келіп, көптің алдына алып шыққым келіп жүрген. Бірақ мағынасы мен мәні терең өлеңді орындауға батылым жетпейтін. Мен қазір Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде білім алып жүрмін. Сондағы ұстаздарымың өзі ойланып барып айтады Абайдың әндерін. Олармен өзімді салыстырып, тіптен қорқып жүрдім. Бірақ, соңғы бір жылдан бері деңгейім жететін шығар деп бағалап, ақынның шығармаларын шарықтата шырқап жүрмін. Бұған қоса М.Әуезовтың «Абай жолын» да оқуға ден қойдым, себебі бұл кітапты оқымаған адам Абайдың өлеңдерін жүрекпен айта алмайды.»

Әлімжан Әділжан
Әлімжан Әділжан «Татьянаның хатын» орындады

Оқырманның қарасы қалың

Жас оқырмандар осылайша ақынның шығармаларын жаттап, оны ортаға шығып мақтана дәріптеді. Жас толқын ақынға деген құрметін осылай білдірді. Ал шара ұйымдастуршылары кештің ерекшелігін айналып өтпеді.

Айгерім Алдабергенова, облыстық «Отырар» кітапханасының бөлім меңгерушісі: «Бұл кештің ерекшелігі сол – жас оқырмандарымыздың сұранысымен, олардың белсенділігінің арқасында өтіп отыр. Сондықтан, алдағы күндері де Абайдың жаңа кітаптарымен толығып, жас оқырмандарды қуантуды жоспарлап отырмыз.»

Ұлы Абайдың шығармашылығанан кітап көрмесі ұсынылды
Ұлы Абайдың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды

Көпшілік назарына ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер бейнедерек те ұсынылды. Айта кетейік, қаламгердің оқырмандары мен облысымыздың жас буын ақындары 10-тамыз күні ұлы ақынның туған күнін кең ауқымда атап өтпек.