Өрт қауіпсіздігі сақталмаған 42 нысан жабылады

Шымкентте өрт қауіпсіздігін сақтамаған 42 нысан жабылуы тиіс. Шаһардағы мемлекеттік мекемелер мен өзге де нысандарды тексерген өрт сөндірушілер осындай ұйғарымға келген.

Есігіне қара құлып салынуы тиіс болған ғимараттардың бірі – облыстық қуыршақ театры. Өрт қауіпсіздігі бойынша кем-кетіктер орындалмаса, өнер нысаны кезекті маусымын аша алмай қалуы мүмкін.

Қуыршақ театры

Өрт сөндірушілердің шешімі бойынша облыстық қуыршақ театры әне-міне жабылуы керек болатын. Қызыл алаудан келер 15 қауіп бойынша сыналған ғимаратты мамандар әкімшілік айыппұлмен шектемей, жабылсын деген қорытынды шығарған. Дегенмен, іле-шала айтылған кемшіліктер бойынша жұмыс істеген шаңырақ иелері қазір барлық кем-кетісті түзедік дейді.

Жыл басынан бергі 8 айда өрт сөндірушілер қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 115 мекемені анықтап, 2 миллион 400 мың теңге айыппұл салған. Бұдан бөлек 42 нысан жабылсын деген шешім қабылданыпты. Өйткені, өткен жылмен салыстырғанда тілсіз жаудың қатері 25 пайызға артқан.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=m_o0XC3TbAc[/youtube]

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖБ мемлекеттік өрт бөлімінің басшысы: «42 нысанның 11-і – мектеп, 4-уі –  балабақша, 1-уі қалалық білім бөлімінің ғимараты және тағы басқа сондай нысандар бар.»

Ал бұл кезде облыстық қуыршақ театры кезекті маусымының шымылдығын түруге қызу дайындық үстінде. Жұмыс істеуге рұқсат беру туралы құзырлы мекемеге хат та жолдап қойған. Тексерушілер келсе, барлық олқылықтардың орындалғаны көңілінен шығады деген сенімі бар. Айта өткен жөн, есігіне құлып салынсын деген 42 нысанның оны бүгінде өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық кемшіліктердің орнын толтырып, жұмыс істеп жатқан көрінеді.