Облыстың бас полицейі: «Оңтүстікте ауыр қылмыс саны азайған»

266

Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы облыс әкімінің алдында есеп берді. Департаменттің 8 айда атқарған жұмыстары жөнінде департамент басшысы Асқар Оспанов хабарлама жасады. Ол  ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны, қасақана кісі өлтіру фактілері 14 пайызға төмендеп отырғанын жеткізді.

Асқар Шуашұлының мәліметінше, бұрын сотты болғандар, жасы кәмелетке толмағандар, мас халде, қоғамдық орындарда, көшелерде және топпен жасалған қылмыстар саны да кеміп отыр екен. Жол-көлік оқиғалары мен оның салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандардың саны, отты қарумен жасалған қылмыстар фактілері біршама азайған.

Қоғамда ұсақ құқықбұзушылықтарға, бұзақылыққа және мәдениетсіздікке «Нөлдік төзімділік» атмосферасын қалыптастыру мақсатында облыс аумағында учаскелік полиция пунктері жанынан 254 қоғамдық кеңес құрылып, ауыл-аймақтарда 1287 отырыс өткізілген.

Есепті кезеңде «Нөлдік төзімділік» қағидасын қамтамасыз ету мақсатында 22892 құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Оның ішінде ұсақ бұзақылық немесе аулаларды, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды ластау фактілері бойынша – 2383, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру фактілері бойынша – 4745, рұқсат етілмеген жерлерде темекі тарту фактілері бойынша 9951 әкімшілік құқықбұшылық дерегі тіркелген.

Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың мүдделерін қорғау бойынша 8 жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 4229 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Есепті кезеңде жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар 27 пайызға, соның ішінде мектеп оқушыларының қылмысқа қатыстылығы 52 пайызға төмендеген.

Айта өтейік, департамент басшысы облыс және аудан, қала әкімдіктерінің қолдауымен өңірімізде 201 учаскелік полиция пункті, 18 станционарлық бекет ашылғанын айтты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс прокуроры Ибраһим Иманов ішкі істер департаменті тарапынан назар аударылуы тиіс мәселелерге тоқталып, «Мүлдем төзбеушілік» қағидатына сәйкес ұсақ қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды ашу деңгейін арттыру керегіне назар аударды. Полиция қызметінің жеке құрамы мемлекеттік қызметші этикасы талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс екенін еске сала отырып, азаматтардың арыз-шағымын қарауда созбалаңға салынбауды тапсырды, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында пәрменді жұмыстар атқару керегіне көңіл бөлді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов ішкі істер департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін айта отырып, бұл саладағы назар аударылуы тиіс мәселе – қылмыстың салдарымен емес, оның себебімен күрес жүргізу басты міндет екеніне тоқталды. Департамент пен облыстық әкімдік арасында жасалатын бірлескен іс-шаралар жоспарында нақтылы міндеттер қоюды, ішкі істер органдарының есеп беру мәжілістеріне аудан, қала әкімдері мен облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлерін қатыстыруды жүктеді.