Мемлекеттік бағдарлама атын жамылғандар азаймай тұр

220

Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, арам ойын іске асыратындар азаймай отыр. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Осы департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Ордабасы ауданының 49 жастағы тұрғыны арызданған.

Ол өз шағымында бір азамат мемлекеттік бағдарлама бойынша кепілдік арқылы 3 миллион теңге несиені алып беруге көмек көрсеттім деп, алаяқтық жолмен жәбірленушіден 300 мың теңге талап етіп жатқанын айтады. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында шұғыл қызметкерлер «Арлан» арнайы жасағымен біріге отырып, 300 мың теңге алу кезінде Ордабасы ауданының 1969 жылы туылған азаматын күдікті ретінде қылмыс орнында құрықтады.

Біраз уақыт өткен соң тәртіп сақшылары 1976 жылы туылған Ордабасы ауданының мемлекеттік бағдарламаны іске асырып, ұйымдастырумен айналысатын мекеменің қызметкері, яғни екінші жергілікті тұрғын күдікті ретінде құрықталды. Тергеу кезінде 48 жастағы аталған бағдарламаға жауапты ордабасылық азамат, өзінің сыбайласымен бірге мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алғысы келген азаматтарды тауып, тұрғындарға кепілдікке несие рәсімдеуге көмек көрсетуге уәде еткендері анықталды. Осы әрекеттері үшін алаяқтар сыйақы ретінде несиенің 10 пайызын беруді сұраған. Ал соңында қажетті құжаттар рәсімделіп, ақшаны алып болған соң несие алған адам пысықайларға ақшаның жартысын сыйақы ретінде беру керек болған.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да алаяқтық қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықталуда. Аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 177-бабы — «Алаяқтыққа» сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған ұқсас жағдай Мақтаарал ауданында да тіркелген. Тексеру кезінде полиция қызметкерлері 42 жастағы шаруа қожалығының иесі алаяқтық жолмен 10 азаматты оның шаруашылығында жұмыс атқарды деп, құжаттарды жалған рәсімдеп, жарты жыл бойы азаматтарға мемлекеттік бағдарлама бөлінген миллион екі жүз мыңнан астам қаржыны алып отырғанын анықтады. Қазіргі таңда күдіктіге «бұлтартпау» шарасы қолданылып, қамауға алынды.

Оның үстінен ҚР ҚК-нің 177-бабына (алаяқтық) және 325-бабына (жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлердi, мөрқағаздарды, мемлекеттiк наградаларды қолдан  жасау, дайындау немесе өткiзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жалғасуда.

Осындай қылмыстарды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарға, бейтаныс адамдарға сенім білдірмеуге, маңызды құжаттарды толтыру кезінде, мәміле жасау кезінде мұқият болуға кеңес береді. Бұдан бөлек мұндай алаяқтықтан зардап шеккен немесе куә болған жағдайда ішкі істер органдарына тез арада арыздану қажет екенін ескертеді.