Бүгін Арғынбеков пен Адырбеков көшелерімен жүрген жолаушылар мен көлік жүргізушілері әбден әбігерге түсті. Арықтарға толған су арнасынан асып, көшеге жайылған. Аз ғана жауған жаңбырдан кейінгі көрініс осы болса, қыстың күні бұдан да сорақыны көреміз дейді ашынған халық.
Жауынның зардабын «Самал-3» шағынауданының тұрғындарды да тартты. Осы маңдағы Қарасу каналы тасып, бір үйдің ауласын су шайып кетті. Аумақ тұрғындарын бұл — жыл сайын қайталатын келеңсіз көрініс деп отыр. Айтуларынша, әкімдіктегілер биыл осы маңға бетон арық қоямыз деген уәдесін орындамапты.
Ұзындығы 7 шақырымға жуық Қарасу каналы «Самал-3» шағынауданына жеткенде арнасы тарылып, жауын-шашында буырқанған су жиегіне жайылып кеткен. Бүгін су астында қалған үйдің тұрғындары шағымдарын айта-айта шаршадық деп отыр.
[youtube]http://youtu.be/gYXqjpVyOOI[/youtube]
Төрт жылдан бері топан судан зардап шеккен отбасы енді баспаналарын сатып құтыламыз дейді. Ал көршілері өздері тоған жасап, тасқын суға төтеп беру әрекетіне қамданған. Дегенмен, бүгінгі азын-аулақ жауыннан зардап шекендер ертеңгі күндері қалай болатынына алаңдаулы.
[youtube]http://youtu.be/6I6wG5GA-5w[/youtube]
Жауын-шашыннан жиналатын су Шымкентегі ең басты мәселелердің біріне айналған. Ирригациялық жүйелердің жоспарсыз жасалуы жауаптылар үшін әдетке айналып кеткендей. Шаһардағы жаңа жолдардың өзінде қашыртқы арықтар қаралмаған.