Шымкентте жаңа жылды қарсы алуға дайындық басталып кетті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы көремендері үшін шоу-концертін алғаш болып ұсынды. Өнер иелері бұл жолы ән айтып қана қойған жоқ, өздерін тағы бір жаңа қырынан сынап көрді.
Айжан Тәженова 12 жылдан бері филармонияда шығармашылық ұжымның меңгершушісі қызметін атқарып келеді. Талай алып сахнаны әнімен тербеген әншінің әуелеген әні жұртшылық жүрегінде. Өнер иесі бүгінгі жаңа жылдық кеште сахнаға әнімен ғана емес, ертегідегі көптің уәжін жеткізер патшайымның болмысын сомдады.
Айжан Тәженова, ҚР сәдениет қайраткері: «Көптен бері ойымда жүрген еді. Көптен бері халыққа әртістік қабілетіммен көрінгім келген, өзгерісті жаным қалады. Енді, міне, халықтың алдына шығып, өнер көрсеттім.Осы жасқа келгенде өзгеріс жасау да оңай емес, бірақ мен бойымдағы өнерді ұсынғым келді. Халық бағасын бере жатар деген үміттемін.»
Кештің ерекшелігі бұл ғана емес. Өнер ұжымы шоу-бағдарламаларын ұсынды. Әншілер шығармаларды дуэт, квартет болып біріге орындады. Ал Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның басшылығы биылғы жылдың жемісімен мақтанады.
Әбдіхан Нұрмаханбетов, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры: «Биыл біз жас мамандармен толықтық. Баршасы талантты. 2014 жыл осылай жағымды жаңалықтарымен есте қалады деп ойлаймын. Және көптеген ауыл-аймақ, аудандарға гастрольдік сапармен шықтық. Алдағы жылы өзге де қалаларға жол жүруді жоспарлап отырмыз. Халықаралық байқауларға да дайындалып жатырмыз.»
Айта кетейік, бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда 232 адам қызмет етеді. Оның 180-ін шығармашылық ұжым құрап отыр.