Тәуелсіздік күні 71 жерлесіміз марапатталды

228

Шымкенттегі «Түркістан» сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдық мерекесіне орай «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік бабаларымыз аңсаған арман, бақытымыздың бастауы болған қасиетті де қастерлі құндылық екенін айта отырып, барша оңтүстікқазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

015

«Облысымыздың қол жеткізген жетістіктерін мемлекет басшысы облысқа жасаған сапарында оң бағалағаны белгілі. Бүгінде облысымыз кәсіпкерлік жасауға ең қолайлы аймақ ретінде танылып отыр. Ал Шымкент қаласы Елбасы тапсырмасы мен қолдауына сәйкес іс жүзінде ірі мегаполиске айналып келеді.

Елдегі саясаттың арқасында жыл 6% өсіммен аяқталып, жалпы өңірлік өнім 2,3 трлн. теңгеге жеткелі отыр. Облыс – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдері, жаңа жобалардың саны, оларды іске қосу, озық технологияларды қолдану бойынша республикада алдыңғы қатарда. 350-ден астам әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Құрылыстың саны ғана емес, салалардың сапалық көрсеткіштері де артуда. Айталық, 3 күн бұрын өңірлер арасында алғаш рет бауырдың трансплантациясы жасалынды. Бұдан бөлек 150-ден астам жүрекке, бүйрек ауыстыруға байланысты 22 операция жасалғанын айтқанбыз. Бүйрек ауыстырудың да облыстар бойынша бізде басталғанын атап өтуге болады» деді өңір басшысы өз сөзінде.

Салтанатты жиында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 5-желтоқсандағы №974 жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 71 оңтүстікқазақстандықты марапаттады.

016

Түс қайта мерекелік іс-шараға қатысушылар мен еңбек ардагерлері Елбасы келіп ашқан жаңа облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымын тамашалады. Тәуелсіздік күні алғашқы көрерменін қабылдаған театр әртістері қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өткен өмірінен сыр шертті.

017

Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі