«Қабырғаны қайыстырар оқиға көп»

Серік Таласов-киноиндустриядан ойып тұрып орын алуға үмітті  жаңа есім.  Көрерменге жақында ғана «Өтелмес борыш» фильмі арқылы танылған талантты жаннан бүгінгі жастардың алар өнегесі көп-ақ. Оны замандастарымызға таныстыруға асыққандағы мақсатымыз да сондықтан.

Серік Таласов
Серік Таласов

– Серік, жақында ғана қысқа метражды фильміңді көрерменге ұсынған едің. Жалпы, бұл фильмді түсіру идеясы қайдан келді? Еңбегіңді ел қалай қабылдауда?

– «Өтелмес борыш» аз ғана уақыт ішінде түсірілген, тәрбиелік бағыттағы туынды. Сценарий идеясы 100 пайыз өзімдікі емес. Мен режиссураны қолға алып жүргендіктен көп сценаристер шығармаларын қалдырып жатады. Олармен танысып шығасың. Бірақ дәл мына бағыттағы сценарий қажет дейтіндей қатып қалған қағида жоқ.

Белгілі ақын ағамыз Серік Қалиев те сценарий жазумен айналысатынын білемін. Бір күні ол кісіге «Маған сценарий жазып беріңізші» деп қолқа салдым. Серік аға біраз жұмыстарын көрсетті. Соның ішінде атауы әлі қойылмаған бір жұмысты оқып шығып, сол мезетте ойыма сан түрлі идеялар келді. Фильм түсіруге сұранып тұрғандай сезілді. Арада көп уақыт өтпей түсірілімді бастап кеттік. Режиссер болған соң өзімнің ой-қиялыма ерік беріп, идеямды қостым. Шүкір, көрермен тарапы жақсы тілектер мен пікірлер айтуда. Түсірген фильмім мүлдем мінсіз де емес. Кейбір оғаш кеткен сәттері болды. Не дегенмен бұл салада тәжірибем аз. Бастысы, кемшіліктерді келесіде қайталамауға тырысамын.

51-016

– Қанша қаржы кетті? Табыс шығынды жапты ма?

– «Өтелмес борышқа» 1 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Облысымызға белгілі азамат, өнердің нағыз жанашыры, кезінде облыс басшысының орынбасары болған, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев қаржылай көмек көрсетті. Ол кісіге үлкен алғыс айтқым келеді. Қалған қаржыны өз қалтамнан шығардым. Бірақ, бір өкініштісі бізде өнерді түсінетіндер өте аз. Ал шығын мәселесіне келсем, о баста бұл қысқа метражды туынды коммерциялық бағытта болады деп ойлағанбыз. Тек біздегі телеарналардың шарттары көңілімізден шықпауда. Жұмсаған шығынымыз әлі жабылған жоқ.

– Өзін кино әлеміне арнап, режиссураны қолға алған жан толықметражды туындымен елді таң қалдырғысы келеді. Бұл іс сенің жақын арадағы жоспарыңда бар ма?

– Толықметражды кино түсіру оңай емес. Мен бұған дейін тек 20 минуттық фильм түсіргенмін. Алғашқы жұмысым «Жаңғырық» фильмінің де ұзақтығы көп емес. Ал бейнероликтерді режиссерлық еңбек деп айтуға келмейді. Ендігі мақсатым – 1,5 сағаттық кино түсіру. Тіпті демеуші де табылды. Әзірге есімін құпия ұстайын. Белгілісі, ол кісі кино әлемінің нағыз жанашыры. Кино түсіру көптен бергі арманы екен.

51-017

– Міне, жағымды жаңалық. Құттықтаймыз! Фильм желісі туралы айта отырсаң…

– Қолға алғалы отырған туындының сценарийі толық жазылып бітті. Әзірге атауы бекітілмеді. Жанры мелодрама және экшн. Фильм желісі өмірден алынған. Көп мешіттерде уағыз ретінде айтылып жүр. Мұндағы мақсат – көрерменді экран арқылы тәрбиелеу. Қазір айналамызда орын алып жатқан кей жайттарды көріп жан түршігерлік жағдайға жеттік. Біреу сәбиге зар болса, енді бірі туған баласын көшеге тастап кетіп жүр. Ата-анасын қарттар үйіне өткізіп, өзі көшеде тайраңдап жүргендер қаншама. Айта берсем, қабырғаны қайыстырарлық оқиғалар көп.

Әзірге жаңа туындының көрерменге қашан жол тартарын нақты айта алмаймын. Ондай фильмді түсіру үшін үлкен тәжірибе қажет. Осы мақсатпен демеушім «Елге ұсынатын туындың сапалы болуы үшін білім алуың қажет. Сен өз командаңды жина. Ресейге барып тәжірибе жинақтап қайтыңдар» деп ұсыныс айтты. Ұсыныс өте орынды, бірден қабыл алып, дереу мамандар іздей бастадым. Команда жасақталды, келер жылдың ақпанында жолға шығамыз. Жоспар бойынша Мәскеудегі «Останкино» телестудиясында 4 ай бойы тәжірибе жинақтаймыз. Шығынның бәрін демеушіміз өз мойнына алып отыр. Әрине, бұл бүгінгі жоспар. Жоспардың өзгеруі де мүмкін. Себебі келер жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы келе жатыр. Соған орай жақсы идея туындап отыр. Фильм түсірсем деген ниетім бар. Әттең, бәрі қаржыға келіп тіреледі.

– Билік тарапынан көмек сұрап көрмедің бе?

– Облыстық ішкі саясат басқармасына барғанмын. Ондағылар қағаз жүзінде өтініш беру керектігін айтты. Өтінішті жақын күндері өткіземін. Қолдау көрсетілетін болса, оқуды кейінге қалдырамыз.

– Жалпы кәсіби білімің бар ма?

– Мен мектепті бітірген соң ата-анам мен бауырларымның бағдар көрсетуімен қаржы саласына құжаттарымды тапсырғанмын. Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде оқып жүрдім. Бірақ, адамның қызығушылығы болмаса қиын екен. Оған өзімнің көзім жетті. Кино саласы бойынша жоғары білімді Ресей, Қытай, Өзбекстан секілді елдерде оқып келген таныстарым бар. Олар кино түсірмек түгілі, қолдарына камера ұстап көрмеген.

51-015

– Кино әлеміне қалай келдің?

– Әпкем Айзада облыстық телеарналардың бірінде тілші болып қызмет ететін. Бір күні операторлық бағытта бағымды сынап көруімді айтты. Бардым, екі жарым ай сынақ мерзімінде жүрдім. Камераның мүмкіншіліктерін көріп, бойымда мақсат-мұраттар пайда болды. Бірақ, телеарнадағылар мені жұмысқа қабылдамады. Содан намысқа тырысып, камераның қыр-сырын зерттеуге кірістім. Ғаламтор бар, басқасы бар өзім іздендім. Кино түсіру туралы үміт оты тұтанды. Ол кезде жоғары оқу орнында 2-курс оқитынмын. Қаржы саласы маған арналмағанын ұғып, оқуды тастап кеттім. Кәсіби білім алайын десем, Шымкентте ол мамандыққа оқытатын оқу ордасы жоқ. Екі қолға бір күрек табылып, жұмысқа кірістім. Түрлі салада қызмет еттім. Тіпті құрылыста да еңбек еткен кезім болды. Қашанғы ата-ана мен бауырларыма алақан жаямын? Өз нанымды өзім табуым керек. Бүгінде шүкір, аяқтан тұрдым. Тұрақты жұмысым, жеке студиям бар.

– Демек режиссер болу бала күнгі арманың болмағаны ғой…

– Үйдің кенжесімін. Төрт әпкем мен ағам мені үнемі қорғаштап жүрді. Соларға әбден сеніп кеткен болуым керек, бала күнімде болашағым туралы бас қатырмаппын. Ауылдағы достарыммен бірге доп тепкеніме мәз болып жүре беріппін. Сенесіз бе, мен тіпті дәл мына мамандық иесі боламын деп те армандамағанмын.

– Туған жерің, өскен ортаң туралы айта отырсаң…

– Мен 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бадам стансасында өмірге келдім. Мектепті Арыс қаласында оқыдым. Бүгінде отбасылымын. Бір қызым бар. Жұбайым үй шаруасымен айналысады.

– Жоғарыда «Өтелмес борыш» фильмі табыс таппақ түгілі, өз шығынын әлі жаппады деп қалдың. Демек, бізде кино арқылы табыс табу қиын ба?

– Бәрі де түсірген туындыңа байланысты. Мені осы мәселе ойландырып жүр. Алдағы уақытта кинотеатрлармен жұмыс жасасам деймін. Менің есептеуім бойынша кинотеатрларға ұсынатындай кино түсіруге кемінде 500 мың АҚШ доллары қажет. Оның 100 мың доллары тек жарнамаға кетеді. Өйткені киноиндустрияда жарнаманың атқарар рөлі үлкен. Негізі табыс табу мақсатында түсірілген фильмге неғұрлым көп қаржы жұмсасаң, соғұрлым пайда да көп болады. Өйткені қазір халық сапалы дүниелерге қызығады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, шетелдің небір экшн фильмдері тұрғанда сіздің арзанқол дүниеңізді кім көреді? Ешкім де.

– Ендеше жоспарыңның жүзеге асуына тілектеспіз. Көрерменің көп болсын.

Жансая ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат», №51, 17.12.2014