Шымкентте «Майдангерлер» фильмінің тұсауы кесілді

508

6 мамыр күні жас режиссер Серік Таласовтың «Майдангерлер» фильмінің тұсауы кесілді. Кинотуындының 2 айға созылған түсіріліміне 7 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. 25 минуттық еңбекті тамашалаған көпшілік сұрапыл сұм соғыс жылдарын еске алып, көздеріне еріксіз жас алды.

Киноның басты кейіпкерлері – Болат атты сарбаз және ауылындағы әкесі мен анасы, оның жолын тосқан сұлу Салтанат. Жас сарбаз майданға өзі еркімен аттанды. Ауылда қалған қарт ата-ананың зарығып қалуы да кинода көрініс тапқан.

Болат жасынан бірге өскен досы Бектемірді ерте кетеді. Жас жауынгердің рөлін 25 жастағы жас педагог Қабыл Батырхан сомдады.

1

Қабыл Батырхан, жас әртіс: «Түсірілім барысында сезінгеніміз – шын мәнінде сондай тар окопта, оқтың жетіспеушілігі, көп техникалардың болмауы, жағдайдың болмауы адамға ауыр тиеді. Мен оны рөлде, кинода болса да бастан өткердім. Шын мәнінде, ыстыққа да суыққа да тоңбай, біз үшін соғысқан майдангерлерге бас иемін, мың тағзым!»

Туындының негізгі оқиға желісі соғыс алаңында жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі турасында. Оқ пен оттың арасындағы майдан даласынан алынған көріністерді актерлар шынайы сомдауға тырысқан. 80-ге жуық адам фильмге қатыстырылыпты. Ал режиссер Серік Таласов түсіріл кезінде қиындықтар кездескенін жасырған жоқ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7yslcXS2Chw[/youtube]

Серік Таласов, «Майдангерлер» кинотуындысының режиссері: «Ең алдымен сонау 1940 жылдардағы заманды, оқиғаны көрсету қиын болды. Екіншіден, түсірілім барысында күтпеген жерден қар жауып кетті, біз оны есепке алып, дайындалған жоқ едік. Ол да бір кездейсоқ болғанымен, Алланың берген сыйы, бәлкім, сыны болар. Бұдан да өттік. Ал киноны әрлеу үшін эффектке көп көңіл бөлдік. Қазіргі заманауи дүниелерді пайдаландық десем де болады. Шын жарылыстар, сосын оқтар ұшты, ұшақтарды да құлаттық, бірақ мұның барлығы да өмірде болған жоқ, компьютерлік графиканың күшімен жасалды».

Туындыны алғаш рет 300-ден астам көрермен тамашалады. Оның басым бөлігі – жастар.

Маржан Әліпбай, көрермен: «Мұндай киноны көремін деп күткен жоқпын. Бірақ жерлесіміз Серік Таласов жарады! Отанымызда да осындай сапалы еңбекті жасауға болатынын көрсетті. Шетел емес, өзіміздің талантты әртістерімізді ойнатты. Рахмет. Ең бастысы, айтылар ой бізге жетті. Ауыр оқиғаны жанымызбен сезіндік, үлкен әсер алдық».

Маржан Жолдыбаева, көрермен: «Менің әкем – жауынгер. Әкемнің майдандағы жағдай туралы айтқандары  есіме еріксіз түсті. Киноны тамашалап отырып, оқиғаға өзім енгендей болдым. Жыладым, әкемнің ерлігін ойға алдым. Анау фильмдегі ананың күйіне үңілдім, мен де анамын ғой, перзентімді майданға жіберер ме едім деген сауалдар мазалады».

«Майдангерлер» еңбегі облысымыздағы Бәйдібек ауданы, Қазығұрт шағынауданымен қатар қала орталығындағы «Даңқ» мемориалында түсірілген. Оған қазындан 7 миллион теңге қаржы жұмсалған.