Шымкентте балалар ойыншығы шығарылады

1503

Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет бүлдіршіндерге арналған ойыншық шығаратын цех іске қосылды. Осы күнге дейін шетелдік ойыншықпен ойнап келген балдырғандар енді өзіміздің экологиялық таза ойыншықтармен ойнай алады.

«Пластик Наурыз» кәсіпорны Шымкент қаласындағы «Ордабасы» индустриялдық аймағында орналасқан. Инновациялық жобаның іске асуына облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы көмек беріпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4-jlB9kI36M[/youtube]

Бүгінде «Пластик Наурыз» кәсіпорнында түрлі өлшемдегі америкалық «МАК» ауыр жүк көліктерінің модельдік ойыншықтары, баланың өзі де отырып, айдай алатын «Талакар» ойыншық көлігі, құрастырмалы ойыншықтар және құм жинайтын қалыптарды шығарылады. Мекеме басшылығы бес өндірістік желі ай сайын 3-4 мың дана тауар шығарып, қалыпты жұмыс істейміз деп отыр.

Алдағы уақытта кәсіпорын тек Қазақстанның барлық аймақтары ғана емес, жақын шетел нарығына да шығуды жоспарлап отыр. Бұл үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының көмегімен патент алмақ.

Ең маңыздысы – Шымкенттен шығатын ойыншықтар еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларының барлық талаптарына сай. Ойыншықтарды жасауда пайдаланатын шикізіттар токсикологиялық жағынан қауіпсіз, балалардың денсаулығына ешқандай зияны жоқ.

Ойыншықтар сапалы әрі бағасы қолжетімді. Шетелдік ойыншықтарға қарағанда әлдеқайда арзан, көтерме бағамен алушылар үшін тиімді.