Жиырма автокөлік ұрлаған жеткіншектер ұсталды

275

Шымкент қаласының тәртіп сақшылары бірнеше автокөлік және пәтер ұрлығына қатысты 18 жасар күдіктіні қолға түсірді. Өткен жылдың қазан айының соңында Әл Фараби полиция бөліміне Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесі бойындағы үйлердің ауласының бірінен автокөлік ұрланғаны жөнінде хабар келіп түскен.

Оқиға орнына дереу жеткен шұғыл-тергеу тобы түнгі сағат 23:00 шамасында белгісіз біреулер 26 жастағы тұрғынның құны шамамен бір миллион теңгені құрайтын «Мерседес-Бенц» автокөлігін ұрлап кеткенін анықтады. Тәртіп сақшылары оқиғаға куә азаматтардан сұрау алып, жоғалған автокөліктің жобасын Шымкент ҚІІБ жол-патрульдік полициясына береді.

«Ұстау» жоспары жарияланады. Түнгі сағат 01:00 шамасында полицейлер сол автокөлікті Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан ойын-сауық кешенінің алдынан табады. Автокөліктің жүргізуші жақ бетіндегі терезесі сынған. Тәртіп сақшылары автокөлікке керекті тексеру жұмыстарын жүргізіп болған соң, заңды иесіне қайтарып берді.

006

Соңғы бірнеше ай ішінде бірнеше тұрғын өздерінің автокөліктерінің жоғалғаны жөнінде полицияға хабарлаған. Шымкент ҚІІБ-ның криминалды полициясы жедел уәкілдерінің аудандық тәртіп сақшыларымен бірлесіп өткізген шұғыл-іздестіру шараларының нәтижесінде автокөлік ұрлады деген күдікпен 3 жеткіншек қолға түсті.

Олар Шымкент қаласының 1997, 1999, 2001 жылғы тұрғындары болып шықты. Ұсталғандардың бірі бұған дейін автокөлік ұрлағаны үшін істі болған.

005

Тергеу кезінде полицейлер ұсталғандардың осындай 20 автокөлік ұрлығына қатысы бар екендерін анықтады. Күдіктілердің бірі, 18 жасар жігіт өз ұрлықтарын бір әдіспен жасағанын айтады. Олар негізінен иелері қараусыз тастап кеткен автокөліктерді, арнайы дабылдары жоқ автокөліктерді және көп қабатты үйлердің ауласында тұрған автокөліктерді арнайы құралдарымен есіктерін бұзып, ұрлап отырған.

Содан кейін мініп кеткен автокөліктерімен түні бойы қыдырып, кейін оларды тастап кетіп отырған. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тергеу барысында 18 жасар ұрының 10 пәтер ұрлығына қатысты екенін анықтады.

Ол 2013 жылдың 1-желтоқсанында күндіз Қалтаев көшесінің 39 жастағы тұрғынының үйінің пластикалық терезесін бұзып кіріп, «Самсунг» маркалы ұялы телефон, тон және жамылғыны ұрлап кеткен. Жалпы шығын көлемі шамамен 150 мың теңгені құраған.

Ұсталған азамат ұрланған заттарды қаланың әртүрлі сауда орындарына арзан бағаға сатып, тапқан ақшасын өз қажетіне жаратқанын айтты. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемін қазір полицейлер анықтау үстінде.

Аталған жайтқа байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 175-бабы – ұрлық және 185-бабы -Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

18 жасар күдікті қамауға алынды, қалған екеуі ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат қалдырған. Тергеу амалдары жүргізілуде.