30 пәтерді тонағандар ұсталды

169

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топты құрықтады. Шымкент қаласында соңғы екі жыл ішінде жасалған 30 қылмыстың солардың мойнында екені анықталып отыр. 2015 жылдың қаңтар айының соңында Әл Фараби полициябөліміне 54 жастағы жергілікті тұрғын пәтеріне ұрлық жасалғаны туралы арызданған. Жәбірленуші үйінде жоқ кезінде белгісіз біреулер оның пәтерінің сыртқы есігін бұзып кіріп, бағалы заттарын және бір миллион екі жүз мың теңгеден астам ақшасын ұрлап кеткенін айтқан.

Осы тектес арызбен полицияға ондаған тұрғын шағымданып келеді. Аталған қылмысты ашу мақсатында Әл-Фараби полиция бөлімінің ең тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылды.

Наурыз айының ортасында полиция бөліміне Байтұрсынов көшесінде орналасқан пәтерлердің біріне ұрлық жасалғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері сол пәтерге жақын маңдарды тексеру барысында қашып бара жатқан бірнеше жас жігітті байқайды. олар алысқа ұзай алмай қолға түсті.

Ұсталған үшеу 1989, 1990 және 1993 жылы туылған жергілікті тұрғындар болып шықты. Олардың екеуі бұрын сотты болған. Сөмкелерінен қылмысқа қатысы бар құралдар және басқа да айғақ заттар табылады.

Қазіргі таңда тергеушілер күдіктілердің соңғы екі жылдың ішінде 30 пәтерді тонағандарын анықтады. Айғақ зат ретінде алынған заттардың жартысы заңды иелеріне қайтарылды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі анықталуда.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы – ұрлық дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар қамауда жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.