Президент еліміздегі ең үлкен жылыжайдың жұмысымен танысты

676

Еліміздегі ең үлкен жылыжай Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Ол – «Аделя» шаруа қожалығы. Кешенінің жұмыс барысымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі танысып, жылына 9 мыңға жуық тонна көкөніс өндіретін жылыжай аумағында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Мақтааралдың алтын мақтасына емес, алмасына қызығушылық танытты.

vlcsnap-2015-03-27-13h58m03s89

«Аделя» шаруа қожалығы Ордабасы ауданы, Бадам елдімекенінде орналасқан. Бастапқыда бес гектар алқапқа жылыжай кешені салыныпты. Содан кейін басшылығы былтыр «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 2 200 млн. теңге қаржы алып, жылыжай көлемін ұлғайтқан. Бұл өзгерістермен Елбасы жақсы таныс, жылыжайдың болашағынан үлкен үміт күтеді, көкөністерді өндіруде алдына жан салмайды деп сенеді.

Жылына тоғыз мың тоннаға жуық көкөніс өндірілетін алқапта 160 адам қызмет етеді. Олардың жалақысы да, күн тәртібі де жақсы. Жылыжай заманауи құрылғылармен қамтылған. Атап айтсақ, франциялық «Richel» компаниясының қондырғылары. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың еңбегіне септігін тигізеді. Атқарар міндеттерін жеңілдетеді.

Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған «Аделя» шаруа қожалығының жылыжай кешенінің өндірістік қуаты мықты. Тек Оңтүстік Қазақстанды ғана емес, елімізді көкөніспен қамтуға қауқарлы. Ал маусым кезінде шетелге экспорттауға да шамасы жетеді екен.

Арман Жетпісбаев, «Аделя»шаруа қожалығының атқарушы директоры: «Біз қияр өсіреміз. Алған өнімімізді сататын нүктелеріміз де бар. Экспортқа да шағарамыз. Әзірге бағасы – 250-350 теңге. Ертең маусым кезінде тым арзан болады. Әсіресе, қыстың күндері шығындарымыз көп болады. Сол себепті де бағасы өзгеріп тұрады. Сондай-ақ, шаруашылықта 72 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісімен интенсивті 14 мың түп алма сорттары және мың түп исполин алхорысы бар.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3HCi0bW5roA[/youtube]

Жылыжайдың жұмысымен жіті танысқан Елбасы бірқатар тапсырмалар берді. Президент сондай-ақ облыстың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерін атап өтті.

Кездесу барысында күнгейде жер емген диқандарға жасалған жағдай айтылды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытамын дегендерге көрсетіліп жатқан қолдау сөз болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз етуіміз қажет.»

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Оңтүстіктің өзге де салаларына жіті тоқталды. Солардың бірі – уран өндірісі.

Аграрлықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Естелікке суретке түсті. Көрмеге қойылған өнімдерімен таныстырды.

Айтпақшы, Елбасы алдағы сайлау науқаны жайында сөз қозғап, елдің артып отырған аманатын ақтауға уәде етте тарқасты.