Есірткі сатпақ болғандар сотталды

291

Есірткі сатпақ болған Ленгір қаласының 33 жастағы тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің арнайы іс-шарасы барысында қолға түскен айыпталушы Сергей Печенныйдың үйінен 3,5 келі марихуанна және 200 сіріңке қорабы табылған. Қораптардың жартысы есірткімен толтырылыпты. Бұл заттар айыпталушының есірткіні саудаламақ әрекетінің айғағы ретінде тіркеліп алынды.

Сондай-ақ, 2014 жылдың 16 желтоқсанында Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері 23 жастағы шымкенттік Ерлан Ахметовті 8 келі марихуанамен ұстаған болатын. Бұған дейін Ахметов қарақшылық әрекеті үшін сотты болған. 3 наурыз күні қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оған да үкім шығарды. Бұл айыпталушы 12 жылға бас бостандығынан айрылып отыр. Айта кету керек, бұл үкімдер әлі заңды күшіне енген жоқ.