«Ордабасы» клубы Федерацияны әділдікке шақырады

436
Фотоны "Ордабасы" клубының баспасөз қызметі түсірген

Наурыздың 7-сі күні Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда «Ордабасы» мен «Ертіс» ел чемпионатының бірінші тур ойынында өзара кездесті.

Биылғы маусымда жүлдеден дәмеленіп отырған Оңтүстік командасы алғашқы ойыннан бастап-ақ қоржынды ұпаймен толтыруды көздеген еді. Алайда, өз алаңында жерлестеріміз екі ұпайдан айрылып, матч барысында төрешінің әділ қазылық еткеніне күмәнданып отыр. Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері Виктор Кумыков та төрешілерді әділ болуға шақырып, арбитрдің кейбір төрелігімен келіспейтінін айтты.

Фотоны "Ордабасы" клубының баспасөз қызметі түсірген
Фотоны «Ордабасы» клубының баспасөз қызметі түсірген

Естеріңізде болса, наурыздың үші күні Шымкентке еліміздің футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов келген болатын. Оңтүстіктің футболсүйер қауымымен кездескен маман жасыл алаңдағы төрешілердің жұмысын қолға алатынын айтқан да еді. «Басты мақсат — чемпионатты әділ өткізу» деген еді Қожағапанов.

«Ордабасының» бас бапкері Виктор Балютович бірінші турдан кейін-ақ осы сөздерді өкінішпен еске алды. Әділсіздікпен маусым басынан-ақ күресу қажеттігін бапкер тілге тиек етіп отыр. Өйткені, оның пікірінше, Дәуренбек Тәжімбетовқа қарсы ереже бұзылған кезде павлодарлық төреші қонақтар қақпасына 11 метрлік айып соққы белгілеген жоқ.

[youtube]http://youtu.be/NBYWb7a6uPI[/youtube]

Футбол федерация президентінің бұл уәдесі орындалады ма? Оны уақыт көрсетеді. Ал екінші тайм барысында павлодарлық шабуылшылардың арасынан суырыла алға шыққан Дәуренбек Тәжімбетовке қарсы бұзылған ереженің жазасы қандай болуы тиіс? Бұл сауалдың жауабын ордабасылықтар білуге тырысуда. Алайда, әзірге төрешінің шешімі сол күйінде қалды.

Матч басында Иван Божич есепті ашқан болатын. Жерлестеріміз «Ордабасы» алғашқы тур ойынынан бастап, қоржынға үш ұпай салатын болды деп қуанды. Командаға сербиялық футболшылар келгелі ойын өрнегі де өзгерген. Алайда, павлодарлық Алан Гатагов та осы күні гол соғып, есепті теңестірді.

Ойынның екінші жартысында ордабасылықтар тағы бір гол соқты. Алайда төреші оны есепке алмады. Өйткені, бұл тұста ереже бұзылған екен. Нәтижесінде, ойын соңына дейін есеп өзгермеді: 1-1. Қос команда да маусымды жалғыз ұпаймен бастады. Енді ордабасылықтар наурыздың 11-і күні қарағандылық «Шахтермен» сырт алаңда ойнайтын болады.