Шымкентте Мұхтар Оразалиевті еске алуға арналған турнир өтті

1214

Шымкентте бильярдтан Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Сайрам ауданының құрметті азаматы Мұхтар Оразалиевті еске алуға арналған дәстүрлі қалалық алтыншы турнир өтті. Спорттық шара «Айжарық» бильярд клубы мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Облыстық мәслихаттың депутаты болған белгілі меценат, марқұм Мұхтар Оразалиевтің есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Ол көзі тірісінде спорттық жарыстар мен өнер ұжымдарына демеушілік танытып, жас таланттардың елге танылуына үлкен септігін тигізген болатын.

Спорт жанашырына арналған турнирге 30-ға жуық ойыншы қатысып, жарыстың көрігін қыздырды. Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, спорт ардагерлері болды. Сонымен қатар спорттық сайысқа Мұхтар Оразалиевтің замандас достары мен ізбасар інілері арнайы ат басын бұрды. Жарыс барысында қатысушылар екі топқа бөлініп сынға түсті.

001 - биллиард

Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров турнирдің мәні мен маңызына тоқталып, бұл сайыстың өміршең болатындығына сенім білдірді. Бұдан кейін сөз алған Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Полат Қырықбаев жиналған қауым алдында М. Оразалиевтің ел алдындағы ерен еңбегін өз әңгімесіне арқау етті.

Таңертеңнен басталып, кешке дейін жалғасқан бильярд бәсекесінде облыстық мәслихат депутаты Мадияр Оразалиевтің шеберлігі бәрінен озық шығып, жеңімпаз атанды. Әке жолын қуып, салауатты өмір салтын берік ұстанған Мадияр Мұхтарұлы өз кезегінде турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

Жарыстағы жүлделі екінші орын Алматы экономика және статистика академиясы ОҚО филиалының директоры Нұрлан Айтымбетовке бұйырды. Ал қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов пен қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаев үшінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, бірнеше номинациялар бойынша жарысқа қатысушыларға жүлделер тапсырылды.

Турнир соңында барлық жүлдегерлер құрмет грамоталарымен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Дереккөз: «Шымкент келбеті»