Балалар өздері ойнайтын алаңшасыз қалды

497

Шымкенттің 17-шағынауданындағы № 20 үйдің тұрғындары айдың-күннің аманында ауласыз қалдық деп отыр. Есік алдындағы шаєын балалар алаңшасының орнына мұнда бір емес екі көпқабатты ғимарат салынып жатыр. Қазір құрылыс бітуге таяу. Ал тұрғындардың сөздеріне ешкім құлақ аспаған да секілді.

001

Балалар құрылыс нысанының қасында ойнап жүр. Басқа ойнайтын жер жоқ. Өйткені, тұрғын үйдің дәл алдынан құрылыс компаниясы екі бірдей зәулім үй салып жатыр.

Гүлнұр Оразқұлова, №20 үйдің тұрғыны: «Олар өздерінің аумағында балалар алаңшасын соғып жатыр. Сонда біздің балалар қайда ойнайды? Сол сұраққа жауап берсін. Біздің алдымыздан келіп сұраған жоқ. Бізге тек екі ғимарат соғылады деп айтты, ал супермаркеті ішінде болады деді. Есігі былай шығады деп айтпады.»

Құрылыс кезінде аулаға сыймайтын үлкен техникалар келіп, жолымызды жабумен шаршатты дейді тұрғындар. Онымен қоса дәл ауладағы құрылысшыларға арнап тұрғызылған әжетхананың иісі далада жайылуда. Жан-жақта шашылып жатқан құрылыс қоқыстары да қауіпсіздік техникаларға мүлдем сай келмейді. Ал тұрғындар өзіміз үшін емес, балаларымыз үшін алаңдаймыз дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pSCiz5dVDao[/youtube]

Людмила Аркадьевна: «Қараңыздаршы, № 20 үйдің алдындағы жолдарды жауып қойды. Кішкентай ғана бұрыш қалдырды. Сұрайтыным – балалар үшін орын қалдырыңыздар. Жеке өз басымда балаларым, немерелерім өсіп келеді. Сондықтан менің қасымда жүрген мына кішкентайларға жақтасамын.»

Жиналған тұрғындардың қасына құрылысқа тапсырыс берушінің өкілі келді. Ол өз тарапынан ауладағы жайсыздықты жоюды тез арада қолға алатынын айтты.

Оразәлі Бопов, құрылысқа тапсырыс берушінің өкілі: «Нысанның құрылысы 1,5 жылдан бері жүріп келеді. Өкінішке орай, көрші үйдің тұрғындары үшін жайсыздық орын алды. Дегенмен, бұл құрылыстың бітуіне 1-1,5 айдай уақыт қалды. Кәріз жүйесін орнату үшін мына жерлерді қазуға тура келді. Қазір тұрғындарға ауланы, балалар алаңын қалпына келтіру сызбасын әкеп береміз деп келістік. Егер тұрғындар сол сызбаға келісімін берсе, біз сол бағытпен істейтін боламыз. Түркияға балалар алаңының жабдықтарын алуға тапсырыс бердік, ал құрылыс екі айдын ішінде бітеді.»

Өкілдің сөзін Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары да растап отыр. Уәде сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асатынын уақыт көрсетеді.

Еркебұлан Ақбердиев