Еңбек инспекциясы: «2014 жылы Оңтүстікте 23 адам жұмысында мерт болған»

457

Оңтүстікте өткен жылы өндіріс орындары мен мекемелерде 100-ден аса жазатайым оқиға орын алып, 23 адам жұмыста жүріп ажал құшқан. Қайғылы жағдайлардың көбісінде еңбек заңдылықтары сақталмаған. Бұл мәліметтер дүниежүзілік еңбекті қорғау күні облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың есебінде айтылды.

001

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары былтыр мекеме-кәсіпорындарда жүргізілген тексеру барысында 2044 заң бұзушылықты анықтаған. Олардың басым бөлігі еңбек және еңбек қауіпсіздігіне байланысты. Есепті мерзімде Оңтүстіктегі кәспіорындарда 100 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 111 адам зардап шегіп, 23-і мерт болды.

Еңбек инспекторлары жазатайым оқиғалардың басты себептерінің бірі жұмыс берушілердің еңбек заңдылығын орындамауы және техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтың өз деңгейінде сақталмауы дейді. Еңбек заңдылығының бұзылуының тағы бір көрінісі – жалақының мерзімінде төленбеуі.

2014 жылы облыстағы 51 кәсіпорын мен мекеме бойынша 236 млн теңге жалақы қарызы анықталып, еңбек инспекторларының араласуымен бұл қаржы қызметкерлерге төленіпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=1XYYy6pptHs[/youtube]

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында басқарма байқау да ұйымдастырған. Оның қорытындысы мерекелік жиында жарияланды:

Облыс бойынша үздік қауіпсіз кәсіпорын – «Шымкентцемент» ЖШС. Үздік еңбекті қорғау қызметі номинациясы бойынша «Химфарм» АҚ еңбекті қорғау қызметінің басшысы Тимурланды Ермағанбетов жеңіске жетті.

«Үздік қоғамдық инспекто»р атағын №3 колледждің өндірістік оқу шебері Қасымхан Қожатаев иелесе, үздік еңбекті қорғау инженері болып ОЖТ инженері Жұпарбек Тобаханов танылды.

Шынар Оразова