Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ардагерлерді құрметтеуде

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай «Біз сіздерді мәңгі ұмытпаймыз!» атты ардагерлерге тағзым ету іс-шарасын өткізуде.

Іс-шараның басты мақсаты — оқушылардың бойында Отанға деген патриоттық сезімін оята отырып, бейбіт күннің себепкерлерін танып білу арқылы бостандықтың, тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің қадірін ұғынуға тәрбиелеу, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің ерлігі мен еңбегін қадірлеп, оны болашақ ұрпаққа аманат ету.

Аталған іс-шара аясында мектептегі «Шаңырақ» оқушылар қауымдастықтарының мүшелері облысымыздың ардагерлеріне тағзым етеді. Бүгінгі таңда «Шаңырақ» оқушылары Оңтүстік Қазақстан облысының 12 ардагерінің үйіне барып, сұхбат жүргізіп, ардагерлерге қажетті көмек көрсетті. Аталған ардагерлердің арасында Райымқұлов Ботан, Қолданов Сауранбай, Бекназаров Айтжан, Джумашов Пернебек, Утешов Асқар, Бондарев Дмитрий, Хорошаев Тәжібек, Кудряков Гафур, Жаксыбаев Сурап есімді аталарымыз бар.

Бұл игі іс сәуір айы бойында өзінің сәтті жалғасын табады. Айта кетерлік жайт, оқушылар Шымкент қаласымен шектелмей, жақында Түлкібас ауданына қарасты Рысқұл ауылында тұратын ардагер атаға жол тартпақ.

Жеңістің 70 жылдығы — Қазақстан халқы үшін ғана емес, бүкіл бұрынғы КСРО мемлекетінің құрамына енген 15 елдің күнтізбесіндегі ерекше мейрам. 2015 жыл Қазақстан үшін ерекше жыл болмақ, өйткені дәл осы жылы үлкен төрт мейрам аталып өтпек. Соның бірі — осы Ұлы жеңістің 70 жылдығы.