Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы «Алтын қалам» марапатын алды

355
Фотоны автор түсірген

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 «А» сынып оқушысы, мектептегі «Уикипедия» клубының төрағасы Сейфулов Жақсылық қазақша «Уикипедия» сайты әкімшілері тарапынан ерен еңбек еткені, Қазақша уикипедия бетіндегі ерекше белсенділігі, 500-ден аса жаңа мақала енгізгені және мақалалар сапасын жақсы деңгейге көтергені үшін «Алтын қалам» марапатына ие болды.

Фотоны автор түсірген
Фотоны автор түсірген

Осыдан бір жыл бұрын ғана мақала жазуды бастап, Қазақша уикипедиясы жобасында аса белсенділік көрсеткені үшін «Белсенді жаңа қатысушы» марапатына ие болған Жақсылық бүгінде 531 мақала жазып, 3000-нан астам мақаланы өңдеп, Құмтүлек (2 500+) уикидеңгейіне жетіп отыр.

Осы тұста айта кететін жайт, Жақсылық бұған дейін де Уикипедия жобасы аясында «Кот-д’Ивуар» мақаласын жазғаны үшін «Жақсы мақала» марапатына, Қазақша уикипедия жобасы аясындағы бірқатар еңбектері үшін, атап айтқанда, жақсы, сапалы мақалалар жазбаққа деген ынтасы, сонымен қатар басталмаған беттерді азайту аясындағы бастамалары үшін, «Қазақша уикипедиясының еңбеккері» марапаттарына да ие болған.

«Талапты ерге нұр жауар» деген. Жақсылық – өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесінде қазақ тілінің жандануына өз үлесін аянбай қосып жүрген жеткіншектердің бірі.

«Өз Отанымның дамуына қалай септігімді тигіземін деп ойланып жүруші едім. Егер осы мақалаларымның саны мен сапасы арқылы тілімнің дамуына үлес қоссам, онда менің елімнің жандануына қосқан аз да болса еңбегім болады да. Қазір мақала жазу менің хоббиіме айналғандай. Бұдан кейін де мақала жазуды жалғастырамын. Замандастарымды да қазақ тілінде мақала жазып, тіліміздің кең қанат жаюына ықпал етуге шақырамын» деген Жақсылық өз қуанышын жасырмады.

Фотоны автор түсірген
Фотоны автор түсірген

Қазіргі таңда Жақсылық бастаған «Уикипедия» клубының белсенді мүшелері тек мақала жазумен ғана шектелмей, мақала жазуға қызығушылығы бар мектеп оқушыларына тақырып таңдау, мақала жазу, оны өңдеу, медиафайл енгізу бойынша өз білгендерін үйретуде.

Жақсылықты жеңісімен құттықтай отырып, әлі де бағындырар шыңың көп болсын дейміз. Ал мектебімізде осындай игі істер өз жалғасын әлі де табады деген ойдамыз.