Шымкентті көгалдандырумен үш мекеме айналысады

892

Шымкент – жасыл қала. Бұл статусты сақтап қалу үшін жыл сайын қаламызды көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл бұл жұмысты атқару бірден үш мердігер компанияға жүктелген. Алып шаһардың жасыл желегін суғарып, баптап отыратын компанияның бір күндік жұмысымен танысып қайттық.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмысшылар қаланың орталық көшелеріне гүл көшеттерін егіп жатыр. «ЛТД Тұрмыс», «Байтерек ЛБ» және «Жасыл қала» мекемелерінің қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындауда. Істің басы-қасында мекеме агрономдары жүреді. Олар отырғызылған әрбір көшетті жіті қадағалайды.

Ержан Жантасов, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС агрономы: «Көгалдандыру бөлімінде 140-150 адам бар. Соның тең жартысы гүл егеді. Егу де, күтіп баптау да біздің мойнымызда. Қызметкерлердің еңбегі орасан. Егілетін көшеттер жайлы алдын ала мәлімет береміз. Мамандар гүлдерді күтіп, баптау жұмыстарымен етене таныс.»

Шымқалада 16 мың 465 шаршы метр жерге гүл көшеттерін отырғызу жоспарланған. Гүлзарлардан бастап жол жиектеріне және қала ортасына егіліп жатқан көшеттердің арасында маусымдық және көпжылдық гүлдер бар.

Бақдәулет Малимов, көріктендіру секторының меңгерушісі: «Бұл көшеттерді бірнеше жылдан бері сынақтан өткізіп келеміз. Көшеттер жергілікте жерде дайындалады. Шымкенттік ыстық ауа райына төзімді».

Шаһардың шырайын ашатын гүлді суару жұмыстары да қолға алынған. Себебі, гүл қара күзге дейін жайнап тұруы тиіс. Жауаптылардың айтуынша, көшеттерді көгалдандыруға бюджеттен 555 млн теңге бөлінген.