26 сәуір — мемлекетіміз үшін маңызды күн. Әрбір сайлаушының дауысы елдің тағдырын шешеді. Сондықтан болса керек, ауа райының қолайсыздығына қарамастан қаладағы сайлау учаскелеріне ағылған жастардың қарасы қалың.
Абылайхан Әбдіәшім, студент: «Алғаш рет дауыс беріп жатырмын, сондықтан толқу-қобалжу сынды сезімдерді бастан өткердім. Бірақ, біздің болашағымыз үшін өз таңдауымды жасадым. Қалай болғанда да дауыс беру менің міндетім деп білемін».
Иә, жастар үлкен қобалжуды сезінді. Алғаш дауыс берушілердің қатарында «Отырар» телеарысының жас тілшісі Ғалымжан Кенжебек те бар. Әріптесіміз алдымен жеке куәлігін тіркетіп, одан кейін ғана дауыс беру бөлмесіне енді. Ғалымжанның айтуынша, елдің ертеңі, саяси додаға үлесін қосу үшін аз-кем уақыт ізденген.
Ғалымжан Кенжебек, «Отырар» телеарнасының тілшісі: «Жасырмаймын, өзімді бүгін мемлекеттің белсенді мүшесі, белсенді азаматы ретінде сезіндім. Қобалжыдым, әрине. Бірақ көптен күткен сәтте өз дауысымды бердім. Қуаныштымын. Дауыс беру алдында ата-анаммен кеңесіп, достарымның да пікірін ескердім. Өзге де кандидаттардың өмірбаяны мен атқарған шаруаларымен таныстым, іздендім. Соның барлығын ойлай келе бүгін таңдау жасадым. Шүкір».
Таңғы уақытта жастар ересектерден қалыспай, белсенділік танытты. 2014 жылы бокстан әлем чемпионы мәртебесін жеңіп алған жерлесіміз Біржан Жақыпов та осында. Спортшы елмен бірге аяғын асыға басып, мемлекет басшысын таңдауға келіпті.
Біржан Жақыпов, әлем чемпионы: «Мен де елімнің патриоты ретінде сайлауға келдім. Бұл сәт — мен үшін ғана емес, барша Қазақ елі үшін маңызды деп білемін. Әрине, елді спорт саласын да ойлайтын көшбасшы басқарғаны дұрыс деп есептеймін. Себебі спорт арқылы Қазақстанды әлем таниды, мойындайды».
Саят Қасымбектің жасы — 18-де. Бозбала биыл алғаш рет сайлауға қатысып отыр. Яғни, студент саяси додаға жауапкершілікпен қарады, енді көппен бірге дауыс беруге келді.
Саят Қасымбек, студент: «Дауыс беру — менің Конституциялық құқығым. Анаммен бірге келіп, дауыс беру ережесіне сәйкес үлесімді қостым. Менің болашақтағы мамандығым — жергілікті басқару. Алдағы уақытта елдің жауапкершілігі маған да жүктелетін болады. Сондықтан қазірден бастап өзіме, жұртшылықтың жағдайына атүсті қарамау қажеттігін сезінемін».
Дауыс берушілер қатарынан соғыс ардагерлерін де кездестірдік. Аға буын өскелең жастар алдында тосылмай, өз дауыстарын берді. Бұл қариялардың жастардың болашағына жәй емес, байыппен қарауын көрсетсе керек.
Әбдірахмен Нұрмахан, ҰОС ардагері: «Мен кезінде соғыста қолыма қару алып, елімді қорғадым ғой. Барлығын да ұрпақ үшін жасадым. Сондықтан, мен әлі күнге жастардың жәйіне алаңдаймын. Мұндай жағдайда үйде ұйықтап жата алмаймын. Сайлауға жүгіріп келдім, енді Елбасымызға дауыс беріп отырмын».
Әрбір дауыс берушінің қадамын бақылаушы тарап қадағалап отырды. Таңсәріден бері тапжылмай отырған топ, тұрғындардың белсенділік танытып жатқанын жасырған жоқ.
Мақпал Жүнісбекова, №1035 сайлау учаскесінің бақылаушысы: «Таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап тұрғындар дауыс беруге келді. Тыныш, сабырлы кейіппен дауыс беруде. Қазір сағат тілі 14:00-ді көрсетті, осы сәтте сайлаушылар саны 1150-ге жетіп отыр».