Тағы бір сарбаз мерт болды (видео)

412

Әскерге жіберіп, мүрдесін күтіп алды. Бүгін 20 жастағы Жалғас Ақжігітовтың туыстары ұлдарының табыттағы денесін қарсы алды. Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу елдімекенің тумасы 2014 жылдың күзінде әскерге аттаныпты. Алдымен Өскемендегі әскери бөлімшелердің бірінде болып, кейін Ақтаудағы 2018 әскери бөліміне ауыстырылады.

010

Қайғыдан қан жұтқан анасы перзентінің өмірмен қош айтысқанына сенер емес. Әскерге өзі шығарып салған ана ұлын мақтана күтіп алуды армандаған еді. Енді әскери табытпен ұлы Жалғасбектің мүрдесі жеткізілгенде, жанын қоярға жер таппады.

Жалғасбек Ақжігітов әскери борышын жарты жыл ғана өтеп үлгерді. Әрдайым іні-бауырларына сүйеніш болуды мақсат қоятын. Сол үшін де Қазақстанның қарулы күштеріне қарасты әскерде борышын өтеуге шұғыл аттанып кеткен екен.

Мақпал Ақжігітова, қарындасы: «Ағамының ешқандай жері ауырмайтын, олар жүрегі ауырады депті. Олардың өздері де мойындады ғой ағамды төбелеп, ұрып өлтіргендерін. Тіпті малдың өзін ұрып өлтірмейді ғой?!»

Жалғасбек Отан алдындағы борышын өтеу үшін Өскеменге аттанды. Наурыз айының соңғы күндерінде Ақтаудағы 2018 әсери бөліміне ауыстырылған. Ал 14 сәуірдің түнінде сарбаздың туыстарына қаралы хабар келеді. Сол түні қатарластарынан оңбай соққы жеген жігіт алған қатты жарақаттардан есін жия алмай, қайтыс болыпты. Туыстарының айтуынша, Жалғасбек соңғы уақытта үнемі түрлі ұялы телефон нөмірлеріне бірлік жіберуді сұранып келген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=bHGbAbkKdtc[/youtube]

Нәзира Айнабекова, туысы: «Жалғасбек күн сайын ақша бер деп хабарласады. 500 теңгеге, 1000 теңгеге телефонға бірлік сал дейді. Әр күні әр түрлі нөмірді айтады, ал анасы тойханада ыдыс-аяқ жуып тапқан 2000 теңгесінің 1000 теңгесіне баласының айтқанын орындап, түрлі нөмірлерге бірлік салады. 14 сәуір күні 25 000 теңге тауып бер, қасымдағылар сұрап жатыр депті. Байғұс анасы тауып бере алмады. Соңы, міне, баласын ұрып өлтірді…»

Қара жамылған туыстары сарбаздың мәйітін жеткізу жүктелген ақтаулық офицерді жағасынан алды. Ал подполковник бозбаланың өмірден өтуінің себебін түсіндірген жоқ.

Бекзат Бахиев, 2018 әскери бөлімі командирінің орынбасары: «Орын алған жағдайға қатысты істі Батыс Қазақстан облыстық әскери-тергеу басқармасы қарап жатыр. Шұғыл тергеу шаралары қолға алынды. Нәтижесі туыстарына хабарланатын болады.»

Қазір қайғылы оқиғаны әскери прокуратура тексеріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Әзірге белгілі болғаны – 19 жастағы Жалғасбек Ақжігітовтың өліміне оның қарағандылық қатарласы айыпталып отыр. Ал қара жамылған сарбаздың туыстары істің ақ-қарасы толық ашылуы үшін еліміздің Қорғаныс министрлігіне дейін барамыз деп отыр.