Кәсіпкер 200 мың теңгені қайырымдылық қорына аударды

«Изуми» сауда үйі балаларды қолдауда өз үлесін қосуда. Өңіріміздегі киім мен аяқ киімдердің ең ірі сауда желісі қайырымдылық шараларға алғаш рет қатысып отырған жоқ. Көмекке зәру жандарға қолдау көрсету үшін бұл жолы кәсіпкер 200 мың теңгені «Қызмет» қайырымдылық қорына аударды.

Өмірәлі Ералиев, «Изуми» сауда үйінің директоры: «Қызмет» қайырымдылық қорына сыйлық жасадық. Орталыққа керемет пеш пен тігін мәшинелерін және түрлі сыйлықтарды тарту еттік. Бастысы – 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлығымыз бар.»

«Изуми» сәнді киім мен аяқ киімдер сауда жүйесі шымкенттіктер мен қонақтар үшін жақсы таныс. Тұрақты келушілердің қолдауымен орталық басшылығы қайырымдылық шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Енді Қайнарбұлақ ауылында балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған орталық ашылмақ. Жақын күндері ол тегін жұмыс істейтін болады.

Нелли Сәрсенова, «Қызмет» қорының төрайымы: «Изуми» сауда үйімен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс жасаймыз. Бірге көптеген мерекелерді ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде қаншама балаға қуаныш сыйладық. Және болашақта жасөспірім қыздарға арналған қолөнер үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар пішу мен киім тігу бойынша да сабақ алса дейміз. Қыздар тамақ дайындаудың да қыр -сырын меңгеретін болады».

Бұл – «Изуми» сауда үйі жасап отырған алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Орталық басшысы үнемі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек қолын созып келеді. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана «Изуми» сауда үйі мен «Қызмет» қоры бірлесе отырып бүлдіршіндерге түрлі шоу бағдарламалар ұйымдастырып, сыйлықтар тарту еткен болатын.