Оңтүстікте төрт айда 60 млрд теңгенің өнімі өндірілді

238

Оңтүстікте төрт айдағы ауыл шарашылығы өнімінің көлемі 60 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мәлімдеді.

Қ.Оспанбеков төрт айда атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндаған болатын. Айтуынша, облыста төрт айдың ішінде өндірілген ауыл шаруашылығының өнім көлемі 60 млрд  теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13 млрд теңгеге артқан.

‒ Облыста ауыл шаруашылығы саласы «Агробизнес-2020», ірі қара мал экспортының әлеуетін арттыру және облыстың 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен қабылданған іс-шаралар жоспарларлары аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 мың гектарға артып, биыл 800 мың га құрайтын болады. Ал бүгінгі күні 780 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді деді басқарма басшысы.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс құрылымын әртараптандырудың нәтижесінде дәнді дақылдар егілген алқап көлемі 46 мың га, оның ішінде жүгері – 20 мың, мал азықтық дақылдардың көлемі – 62 мың, көкөніс, бақша 6 мың гектарға артса, тиісінше мақтаның көлемі 40 мың гектарға, майлы дақылдардың көлемі 30 мың гектарға кеміп отыр.

Баспасөз мәслихатында Қ.Оспанбеков Мақтаарал ауданының егістігін әртараптандыру бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар шеңберінде өткен жылы мақта алқабы 8 мың га қысқарып, орнына экономикалық тиімді бақша, жүгері, жоңышқа, көкөніс, жеміс-жидек пен жүзім егіліп, өткен жылы 6 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілгенін баяндады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі