Полицейлер түн ішінде жоғалған жас баланы анасына қосты

436

Шымкент қалалық жол-патрульдік полиция тобының қызметкерлері жоғалған 5 жасар баланы анасына тауып берді. 2015 жылдың 23 маусымы түнгі сағат 22:00 дер шамасында «102» телефонына жергілікті тұрғын хабарласып, баласының жоғалғанын айтқан.

002

Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік саябағында» төрт бірдей баласымен серуендеп жүрген ана аяқ астынан 5 жасар ұлының жоқ екенін байқайды. Өздігінен таба алмаған соң жақын маңдағы учаскелік тірек пунктіне барып, полиция қызметкерлеріне баласының жоғалғанын хабарлаған.

Тәртіп сақшылары рациямен сол маңдағы барлық бекеттерге баланың айрықша белгілерін атап хабарлайды. Арада көп уақыт өтпестен Шәмші әлемі гүлзары маңынан жол-патрульдік полиция тобының қызметкерлері жалғыз жүрген баланы көріп, тоқтатады.

001

Сұрастыру барысында жас бала ата-анасынан көз жазып қалып, адасып кеткенін айтады. Қай жақтан келдің дегенде, саябақ жақты көрсетеді. Полиция қызметкерлері іздестіріліп жатқан сәбидің айрықша белгілеріне ұқсастығын байқап, жоғалған бала екенін анықтайды.

Осылайша жедел қимылдаған полиция қызметкерлері оқиғаның сәтті аяқталғанына сеп болды. Ал жас келіншек тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.