Жетісай қаласының газ шаруашылығы мамандары тұтынушылардан 29,8 млн теңгені заңсыз өндірмек болған. Мұны тұрғындардың арызы негізінде арнайы тексерген өңір прокурорлары анықтап отыр.
Құзырлы орынның дерегінше, аймақтағы 833 газ тұтынушының әрқайсысына 35 мың теңге шамасындағы қосымша қаражат төлеу туралы түбіртектер тапсырылыпты. Көгілдір отынға өз бетіңше рұқсатсыз қосылдың деген негізбен.
Алайда прокурорлық тексеру жүргізу барысында аталған тұлғалардың ешқандай да заңбұзушылықтарға жол бермегені анықталды. Яғни барлығы да газ шаруашылығының келісімімен желіге қосылған деді аймақ прокурорының аға көмекшісі Батыр Ергешов.
Прокурордың айтуынша, заңбұзушылықтарға жол берген бірқатар газ шаруашылығының қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал «Жетісай газ» шаруашылығының директорымен еңбек келісім-шарты үзілген.