«Автобус» рейді кезінде 800-ге жуық тәртіп бұзушылық анықталды

880

Шілде айының соңғы күндері жүргізушілер, әсіресе, қоғамдық көлікті басқарғандар жол үстінде жиілеп кеткен полиция тексеруін байқаған болар. Бұл – «Автобус» рейді болатын. Тексеру облыс аумағында ғана емес, республика көлемінде ұйымдастырылды. Мақсаты – жолаушылар көлігінің жүргізушілері жасайтын жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуларды айқындау және жолын кесу, автобустардың соңғы аялдамаларында, автостанцияларда, жол полициясы бекеттерінде қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйін тексеру.

001 (2)

Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері рейдтің бірінші күнінде қаланың ішінде тексеру жүргізді. Атап айтқанда Көмешбұлақ базары мен теміржол вокзалы маңында тұратын автобустарды тексерді. Инспекторларды департаментке қарасты әкімшілік полиция басқармасының басшылары бастап жүрді.
Рейд кезінде көлік жүргізушілері тәртіп сақшыларын көре сала жан-жаққа қаша жөнелді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YgvOI9dCUJc[/youtube]

Бұған қарамастан белсенділік танытқан полицейлер қолдарына түскен жүргізушілерге ескерту ғана бермей, қатаң шара қолданды. Тәртіпке бағынбай, бос жерді заңсыз автотұраққа айналдырып алған автобус жүргізушілері енді жол сақшыларының қадағалауында болмақ.

001 (5)

«Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші күнінде тәртіп сақшылары Шақпақ баба асуында кезекшілік құрды. Бұл тұстан Шымкенттен өзге қалаларға аттанған автобустар өтеді. Сондықтан, қала ішінде инспекторлардың назарынан сытылудың жолын тапқан қоғамдық көлік жүргізушілері осы жермен өтуге мәжбүр болады.

Кешкі сағат 19:00 бен түнгі сағат 00:00 аралығында тәртіп сақшылары жол жағасында тұрып, автобустардың бір де біреуін жібермей тексерді. Жүргізушілердің өздерінің жеке құжаттарынан бастап көліктеріне қажетті қағаздары, жолаушыларды тасымалдауға арналған жолдамасы мен жол сызбалары болуы тиіс. Нәтижесінде 50-ден астам жүргізушінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

001 (3)

Жедел-алдын алу іс-шарасының соңғы күнін өткізген полицейлер 800-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда:

* Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау куәлігінсіз жүруге қатысты – 106;
* Жолда бұрылу ережесін бұзу – 93;
* Көлікті жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану – 244;
* Жылдамдықты асыру – 41;
* Жолдың қарсы бағытына шығу – 4;
* Жаяу жүргіншіге жол бермеу – 14;
* Автобусты техникалық байқаусыз және көлікті сақтандыру полисінсіз айдау – 93;
* Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша 23 факті анықталып, айыптылардың үстінен әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полицейлер мас немесе есірткі қолданған күні рөлге отырған 3 адамды ұстады. Жолаушы тасымалы бойынша 40-қа жуық заң бұзушылық тіркеліп, 4 автобус паркінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ОҚО ІІД ӘКБ бастығының орынбасары Алмасхан Тастанбеков
ОҚО ІІД ӘКБ бастығының орынбасары Алмасхан Тастанбеков

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында автобус жүргізушілерінің кесірінен 20 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 17 адам қайтыс болып, 30 адам әртүрлі дене жарақатын алды.