Ирригациялық жүйелерді жаңарту жалғасуда

453

Шымкентте ирригациялық жүйелерді жаңарту мақсатында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары су жүйелері тұйыққа тірлеген Тәуке хан даңғылы бойында қызу жүруде. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін бұл маңайдағы автокөлік жолдары уақытша жабылған.

Ал аптап ыстықта кептелісте тұрған жүргізушілердің өкпесі қара қазандай. Иін тірескен көліктердің қозғалысы күннен-күнге қиындап барады дейді жүргізушілер. Күн ысыған сайын тізгіндегілердің кептелісте кезек күтуі мұңға айналған.

Мердігер компания құрлысқа 12 маусымнан бастап кіріскен. Жұмысшылар осы маңайдағы арық-атыздарды жаңалап жатыр. Қазір жолдың бойындағы 822 метр су жүйесінің бір бөлігі ғана ауыстырылды. Компания басшылары жол қозғалысын қиындатпас үшін көлік кептелісі көбейетін қарбалас кезде жұмысты тоқтатамыз деп сендіреді. Мұндай үзілістер жұмыс ырғағына кері әсер етпейтін сыңайлы. Құрлыс жұмыстары кестеден 2 аптаға ерте аяқталады деп отыр жауаптылар.

Айта кетейік, Шымкентте ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары тамыз айына дейін жалғасады. Биыл қаладағы су жүйелерін жаңалау үшін 171 миллион теңге бөлініп отыр.