Сайрамда сабын қайнатылады

945
Фото: //mtdata.ru

Сайрамда жылына 23 мың тонна сабын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Кір сабын шығаратын кәсіпорын «Даму» қорының кепілдігінің көмегімен ашылып отыр.

Фото: //mtdata.ru
Фото: //mtdata.ru

Қуаттылығы жылына 23 тоннаға жететін өндірісте айына 92 мың дана кір сабын шығаруға мүмкіндік бар. 30 жылдық еңбек өтілі бар Сайрам ауданының тұрғыны Өмірбай Тәшімбетов 10 жылдан аса жекеменшік компанияларда басқарушылық қызметтерде істеді. 2014 жылдан бастап меншікті бизнесін ашуға бел буады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кір сабын шығарумен айналысады.

– Халық көп тұтынатын тауарларға қашан да сұраныс бар. Оның үстіне біздің Оңтүстік Қазақстан облысы – халық ең тығыз орналасқан, Өзбекстанмен шекаралас жатқан өңір. Нарық пен әртүрлі тауар түрлеріне сұранысты бақылап, кір сабын шығаруды ұйғардым. Цех үшін жалдамалы орын мен шикізат сатып алу мәселесін жылдам шештім. Ал өнім сапалы әрі тұтынушыларға бағасы да тартымды болуы үшін дайын өнімге дейінгі өндірістің барлық жұмысы кіретін заманауи жабдық керек болды. Яғни, оған тоң майды ерітуден бастап оны қайта құю, табиғи өсімдік майларын қосып қайнату, кептіру және соңғысы өңдеу, кесу мен қаптау процестері кіруі тиіс,- дейді кәсіпкер.

Ондай қуаты мен бағасы жағынан ыңғайлы жабдық Өзбекстан өндірушілерінен табылды. Бірақ, оны сатып алуға Ө.Тәшімбетовте қаражат жетпейді. Өзі ойлап тапқан тамаша коммерциялық бастамасымен бастауыш кәсіпкер Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Даму» қорының аймақтық филиалына жүгінеді. Онда кәсіпкердің бастамасын қолдап, «Даму» қорының кепілдігі мен пайыздық мөлшерлемемен субсидия алуға кеңес береді.

Пайыздық мөлшерлеменің 7%-ы – қайтарымсыз, қалған 7%-ын кәсіпкер өзі төлейді. Қорытындысында «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 6,2 млн теңгеге немесе бизнесменнің банктен алған несие сомасынан 70% кепілдік берді.

Қазіргі уақытта кәсіпкер өзбек тарапымен жабдықты сатып алуға келісімге келді. Жуырда Өмірбай Тәшімбетов жеке кәсіпкерлігінен кір сабындар шығарылады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде кәсіпорында 4 жұмыс орны ашылмақ. Бүгіннің өзінде бизнесмен сауатты маркетинг әзірледі, көтерме сатып алушылар үшін ыңғайлы көлемі 30 келілік қорап орамасын ойлап тапты және Өзбекстанға сабынды жоңқа – жартылай фабрикатты экспортқа шығаруға шарт жасасты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі